1933-1940 годы

1933-1940 жылдары
Қазақстанның бейнелеу өнерінің, әсіресе бастапқы кезеңдерінде аяққа тұрып, дамуындағы Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының алатын орыны баға жетпестей тым жоғары. Аталмыш Одақ біртіндеп, әр қадамын басқанда республиканың суретшілерінің ауызбіршілігін нығайтып, олардың басын біріктіріп, бейнелеу өнерінің бой көтеріп, одан әрі дамуына қажетті жағдайлар жасауға бар күш-жігерлерін жұмылдырып, оның қоғамдағы мәртебесі мен беделін көтеруге барынша ұмтылды.


Бүкіл ел бойынша шығармашылық одақтар Коммунистік Партия Орталық Комитетінің (большевиктер) «Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы» 1932 жылғы 23 сәуірдегі қаулысының негізінде түрлі кезеңдерге орай қалыптастырыла бастады. Қазақстан Суретшілерінің Одағы, суретшілер мен өнертанушыларды біріктіретін қоғамдық ұйым ретінде республикада тұңғыш құрылған Одақтардың бірі болып табылды.
1930-шы жылдардың басына қарай Қазақстанда суретшілердің шығармашылық ұйымдарының қалыптастырылуына арналған орынды жағдайлар қалыптасты. 1929 жылдың өзінде-ақ Алма-Атада тұратын бір топ суретшілер достастық құрудың қажеттілігін түсіне отырып, бірлестік үлгісі ретінде Қазақстанда Революциялық Ресей Суретшілерінің Ассоциациясының филиалын «қалың бұқара қауымға көркем қызмет көрсету және тәлім-тәрбие беру» мақсатында құруды ұсынды.


Қазақстан Кеңес Суретшілерінің одағы (ҚКСО) 1933 жылы құрылды. Бұл фактіні қандай құжаттар растай алады? Сол кездері Ұйымдастыру Комитеті Төрағасының міндеттерін уақытша атқарушы В.Сладков Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің өнер ісі жөніндегі басқармасы бастығының баяндау хатында 1938ж. : «... оның туылу тарихына тоқталып кету қажет: дәл белгілеп беру мүмкін емес, бірақ, ҚКСО Ұйымдастырушылық Комитетінің алғашқы ұйымы 1932 жылға жатады, 1933 жылдан еш кеш емес. Себебі, ҚКСО мұрағатында осы жылмен белгіленген құжаттар ұшырасады (егер сол кезден сақталып қалған қағаз тіліктерін мұрағат құжаттары деп айтуға болатын болса)» деп жазған.
Одақтың құрылған жылын дәлірек берген суретші И.И.Савельев те солай: «1933 жылы Қазақ Өлке Комитетінің 1-ші хатшысы Мирзоян жолдастың бастамасымен Қазақстан Кеңес Суретшілері Одағының ұйымдастыру бюросы құрылды, оның артынша «Қазақ суретшісі» кооперативі пайда болды» деп жазған.


В.Сладков өзінің есеп беру баяндамасында 1940 жылы ҚКСО 1-ші съездінде жаңа ұйымның құрылған жылын ғана емес, айын да көрсетіп: «Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Үкіметі мен Партиясының шешімімен 1933 жылғы шілдеде ҚКСО Ұйымдастырушылық комитеті құрылды. Оның қызметіне Қазақстанның суретшілерінің барлығын анықтап, бастарын біріктіру, Одақты ресми бекіту мақсатында суретшілердің 1-ші съездін өткізу» туралы шешім қабылданғанын қосымша атап береді.
ҚКСО тікелей қатысушысы суретші Ф.Болкоев, өзінің түрлі баяндамалары мен есеп берулерінде аталмыш одақтың құрылған күнін екі рет нақты -1933 жылғы шілде деп көрсетеді.


Ұйымдастырушы комитеттің 1933 жылғы қараша мен 1936 жылғы желтоқсан айлары арасындағы атқарған жұмысы жайлы өзінің баяндамасында суретші Ф.Болкоев: «ҚКСО Ұйымдастыру комитеті 1933 жылғы шілдеде партияның өлкелік комитетінің нұсқаулықтарымен құрылған еді» дейді. Ф.Болкоевтың Қазақстан Кеңес Суретшілер Одағының V съезінде сөйлеген сөзінің стенограммасында А.Исмаилов 1933 жылғы 11 шілдеден қыркүйекке дейін Ұйымдастыру комитетінің төрағасы болғанын, ал, қыркүйекте оның орнына Ф.Болкоевтың өзінің келгенін айтады.
1933 жылғы қыркүйек айының басында газеттерде Алма-Атаның шығармашылық күштерін өзінің айналасына жиюға ұмтылған бастамашылық топтың болғанын дәлелдейтін, ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар хабарландырулар жарияланған. Бұл топ 1933 ж. қалыптастырыла бастаған сынды: «сол жылы 8 қыркүйекте кешкі сағат 5-те «Казахстанская правда» редакциясының кеңсесінде (Гоголевская/Фонтанная көшелері) Бейнелеу өнері саласындағы жұмыскерлердің жалпы қалалық жиналысы өткізіледі. Кәсіби суретшілер, сурет салу сабағының мұғалімдері, өздігінен сурет салушылар және сурет үйірмелерінің қатысушылары шақырылады». 4 күннен кейін 1933 ж. 12.09. «Казахстанская правда» «Хабарландыру» айдарында ең ұсақ әріптермен жазылған жаңа хабарландыруды жариялады: «12.09. кешкі 5-те «Казахстанская правда» редакциясының кеңсесінде (Гоголевская/Фонтанная көшелері) Бейнелеу жұмыскерлерінің «Қазақстан суретшілерінің социалистік құрылыс үшін күресі» бейнелеу өнері көрмесін өткізу мәселелері жөніндегі жалпы қалалық жиналысы өткізіледі. Кәсіби суретшілер, сурет салу сабағының мұғалімдері, өздігінен сурет салушылар шақырылады.» Бұл хабарландырудың астына алғаш рет Қазақстан Кеңес Суретшілері Одағының ұйымдастырушылық комитеті деген қолы қойылады. Хабарландыруда айтылып отырған көрме өткізілді. Күніне қарағанда ол (хабарландыру 12 қыркүйекте берілген болса, көрме 4-қазанда ашылды) бір айға жетпей қалыптастырылды. Газеттер бұл оқиғаға назар аударды: «осы жылғы 4-ші қазанда Қазақ Автономиялық Кеңес Социалистік Республикасы 13 жылдығында Алма-Атада ««Қазақстан суретшілерінің социалистік құрылыс үшін күресі» ұранымен Қазақстан Кеңес Суретшілер Одағының ұйымдастырушы комитетінің ұйымдастыруымен алғашқы көрме ашылады.


Көрме шығармашылық күштерді анықтау, әсіресе, ұлттық және өз бетінше шығармашылық күштерді анықтап, осы күштерді «кеңес билігінің платформасына біріктіріп, әлеуметтік құрылысқа қатысуға ынтасын» арттыру, (БКП (б) ОК 1932ж. 27 сәуірдегі шешімі), үкімет пен партия оның алдына қойған міндеттерді орындаудағы бейнелеу майданын жеделдету, белсенді ету мақсаттарын көздейді.
Бастапқыда көрме Алма-Ата қаласының суретшілерінің жұмыстарын қамтитын болады, кейін Қазан төңкерісінің 16 жылдығына арналған мерекесінде бүкіл Қазақстан суретшілерінің Қазан төңкерісінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі шығармашылығын қамтып алады.
Көрмеде суретшілердің жаңа туындылары да, сонымен қатар, түрлі мұражайлар мен кеңселердегі туындылары да ұсынылатын болады. Көрме 4 қазан күні, күндізгі сағат 12-де қалалық кітапхана кеңсесінде (Федерация саябағы) өткізілетін болады.
Газеттегі келесі ақпарат көрме ашылып қойғаннан кейін, өнерге бей-жай қарамайтын адамның қаламынан туды: «... Көрме түрлі облыстардан алып келінген экспонаттармен толтырылуда. Таяу арада Семей өңірінен 130 экспонат алып келінбек, оның көпшілігі дерлік өз бетінше салынған дүниелер. ҚКСО Ұйымдастыру комитеті Қазақстанда тұратын кәсіби суретші болсын, өз бетінше сурет салуды ұнататын адам болсын, барлық суретшілердің бірін қалдырмай бастарын біріктіру компаниясы қызу іске кірісіп кеткен.
Көрмеге берілген кеңсенің ахуалы мүшкілдеу, жарық тым нашар түседі, орындар жетіспейді. Бастапқыда көрмені қалалық кітапханада өткізу жоспарланған болатын, кейін көрме өткізілер алдында қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісі кітапхананың көрмеге берілуіне тыйым салды. Сөйтіп, көрме асығыс мұражай залында өткізілетін болып ұйғарылды. Сондықтан да, көрме нысандарын жүйелі түрде жайғастыру, ресімдеуге байланысты мәселелерге тап болдық.


Осы мәселелерді шешу үшін сәйкес құзыретті ұйымдардың көмегі қажет болып отыр, көрме экспонаттары сыймай қалатын түрі бар» деп шырылдайды. Көрменің бөлімдері- кескіндеу өнері мен графика. Қатысушылардың арасында анағұрлым белсенді жұмыс істейтін суретшілер: А.Исмаилов, Ф.И.Болкоев, А.М.Зотиков, Н.И. Крутильников, Н.Никешин, В.И.Оленев-Антощенко, А.А.Риттих, Н.Д.Тимофеев, Ф.А.Чернышев, т.б. Қыркүйекте-ақ, ҚКСО Ұйымдастыру комитеті өзінің алғашқы қадамдарын іске асырады. Оның тұңғыш төрағасы болып жас суретші Әубәкір Исмаилов, бірінші хатшысы болып- суретші-график Иван Иванович Савельев тағайындалды.


30 қазанда газет беттерінде ҚАКСР ХКП алқасының «БКП (б) Өлкелік комитетінің «Ұлттық өнерді дамыту жөніндегі» шешімін іске асыру туралы» 1933ж.08.09. қабылданған қаулысы жарияланды. Партия мен Үкіметтің бейнелеу өнеріне қатынасын қаулының он екі тармағының тек бір ғана – оныншы тармағының оның дамуы туралы мәселелеріне арналғанынан көруге болады. Онда: «1934 жылы Қазақстанның суретшілерінің бейнелеу өнеріне және сурет туындыларына арналған шеберханалары мен галереяларын құру үшін олардың кеңсесінің құрылысына арналған ХКП сметасы бойынша қаражаттар есептелсін. Бұл мақсатта ҚКСО 5-күн ішінде осы іс-шараларды ұйымдастырып, іске асыру жоспары мен өтінімін ұсынсын» деп жазылады.
1933 жылдан 1937 жылға дейінгі аралықта алғашқы ұйымдастыру кезеңінде Ұйымдастыру комитеті оны қаржыландырып отырған Қазақ халық ағарту комиссариатына қарасты болды. 1933 жылы 9000 рубль бөлінді, 1934, 1935 жылдары- 15 000, 1936 жылы -25000 рубль жұмсалып отырды. Жыл сайын несиелерді шамамен 3/1 толығымен пайдаланудың сәті түспегенін айтып өткен дұрыс болар, себебі, Қазақ Халық Ағарту Комиссариатының лимиті уақтылы ашылмады. Қаражаттың жоқтығынан ҚКСО өзінің жұмысын іс жүзінде жүргізе алмады десе де болады.
Бастапқыда Одақтың қатарында 15 суретші: В.Оленев-Антощенко, Ф.Болкоев, А.И.Бортников, Л.В.Гербановский, А.М.Зотиков, А.Исмаилов, Н.И.Крутильников, З.С.Нзыров, А.С.Пономарев, Г.И.Симкин, И.И.Савельев, Н.В.Соловьев, С.С.Столяров, А.А.Риттих, А.О.Чернышевтер болды. Дегенмен, оның құрамы жайлы мәліметтер әрқалай. Ф.Болкоев 1959 жылы оның құрамының 11 үміткерінің 10 мүшесін ғана атаған.
1930-шы жылдары кадр мәселесі ең негізгі мәселелердің бірі болғандықтан, бұл сол кезеңге де ықпалын тигізбей қойған жоқ. Талантты өз бетінше салатын суретшілер Одақтың қызметіне араласа алды: оған мүшелікке кіріп, кәсіби суретшілермен бірдей өздерінің жұмыстарын көрсетуге, шығармашылық іссапарларына материалдық жәрдемақы және қаражаттар ала алды.


Осыған дейін айтып кеткеніміздей, 1933ж. қыркүйек-қазан айларында СО Ұйымдастыру комитетінің екінші төрағасы болып Семейден келген суретші Федор Иванович Болкоев тағайындалған болатын. Ол бұл қызметінде 1936 жылдың желтоқсанына дейін отырды.
Бастапқыда Ұйымдастыру комитетінің өзінің кеңсесі де болмады, тіпті бөлмелері де жоқ еді. 1934 жылы Қазан көшесі-35 адресі бойынша кескіндеу шеберханасының негізінде «Қазақ суретшілерінің кооперативі» ұйымдастырылды. Шеберхана кішігірім, 22 шаршы метрден тұратын, күрделі жөндеуді талап ететін лашық еді. Осында ұйымдастыру комитетінің кеңсесі де тек бір бөлмеге орналастырылды. Ф.Болкоев: «... ешқандай кеңсеміз болған жоқ. 1934 жылы Қазан/Панфилов көшелерінің қиылысында орналасқан шеберханамыздың құрылысын қайта жаңғыртудың сәті түсті. Мұны кескіндеу шеберханасы деп айтуға келмейтін де еді, дәл бір тауықхана дерсің. Сол кезде Халық Ағарту Комиссариатының бөлген азын-аулақ тиын-тебеніне 1934 жылдың соңында біз осы шеберхананы қайта жөндеп, салып алдық-ау, әйтеуір.»
1934 жылы 27 сәуірде Қазақстан суретшілерінің туындылары Мәскеуге әкелінді. Эскпозиция, шақыру билеттері, афиша екі түсті бояумен «тарсылдатып» даярланды. 8 мамырда Шығыс мәдениетінің мемлекеттік мұражайында Қазақ республикасының халық комиссарлары кеңесінің арнайы қаулысымен ұйымдастырылған Кеңес Қазақстанының тұңғыш көркем көрмесі ашылды. Онда 180 туынды ұсынылды (кескіндеу, плакат, графика, «бұтақ өндірісінің үлгілері») Қазақстанның 22 заманауи суретшілерінің туындылары – Н.Хлудовтың, В.Оленев-Антощенконың, Ф.Болкоевтың, О.Д.Белослюдовая-Жилинскаяның, Бурдановтың, Ш.У.Галиевтің, К.Г.Григорьянцтің, И.Ивачевтің, А.Исмаиловтың, В.В.Каптеревтің, Капалкиннің, А.П.Простевтің, Л.Гербановскийдің, Ә.Қастеевтің, Кашиннің, Г.Козловтың, Н.Крутильниковтың, И.И.Савельевтің, С.С.Столяровтың, А.А.Хайдаровтың, Х.А.Ходжиковтың, Ф.А.Чернышевтің еңбектері көрермендердің назарларына ұсынылды.


Материалдарды ҚКСО Ұйымдастыру бюросы, Қазақ Халық Ағарту Комиссариаты, Орталық мемлекеттік мұражай, жекелеген суретшілер ұсынды. Көрменің ашылуына 50-ден астам адам: РФКСР халық ағарту комиссариатының өкілдері, қазақ өкілеттігі, Шет елмен мәдени байланыс орнату жөніндегі бүкілодақтық қоғамы, мұражай, ғылым және көркем ұйымдар қатысты. Халық Ағарту Комиссариатының мұражай бөлімі бастығының орынбасары Ф.Я.Кон кіріспелік баяндама жасады. Ол «партияның ұлттық саясатының дұрыстығын» куәландырып отырған көрменің аса маңыздылығын, оның ғылыми жұмыстары мен суретшілердің шығармашылық қызметіндегі, жалпы Қазақстанның көркем дамуындағы зор ролін атап өтті. Сондай-ақ, ҚАКСР құзыретті уәкілі Жүсіпов, ҚКСО Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ф.Болкоев, шығыс мәдениеті мұражайының директоры Асадулаев, мұражайдың кеңес шығыс бөлімінің меңгерушісі В.Чепелевтер сөз сөйледі. Көрме тек 10 күн жұмыс істеді, 18 мамырда шұғыл Алма-Атаға Қазақстан Жазушыларының съезіне қайтарылды. Оның көзге түскен басты кемшіліктері ұлттық суретшілердің шығармашылыққа төмен деңгейде тартылуы және оқытылуы, жалпы кәсіби көркем оқуға немқұрайлығы болды. Мәскеуде болып өткен көрменің уақытының шектеулілігінен ол қоғам мен суретшілердің орынды талқылауларына іліге алмады.


Дегенмен де, орталық баспасөз беттері бұл оқиғаны назардан тыс қалдыра алмады. Өнертанушы В.Чепелев өзінің «Орта Азия республикаларының өнері» деген мақаласында Қазақстанның сол кезеңдегі өнер саласы жайлы қысқаша талдаулар жасап, жетістіктерімен бірге кемшіліктерін де былайша атап кетті: «Қазақстанның өнерінің дамуы жөнінде қарапайым фактілер ғана сөйлей алады. Республикада ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейді, бірқатар мұражайлар ұйымдастырылған, суретшілердің кооперативі құрылған, ұлттық қылқалам шеберлері бой көтеріп келеді, көркем техникумдары ашылып жатыр, өнердің үлкен көрмелері өткізіліп жүр, өз бетінше бейнелеу өнері дамып келеді.
Жақында ғана ұйымдастырылған Қазақстан Кеңес Суретшілер Одағының шамамен 35-40 суретшілердің басын біріктіріп, сонымен қатар, қазақ суретшілерін: Х.А.Ходжиков, А.Исмаилов, Б.Сәрсембаев, Ә.Қастеев, т.б. топтастырды. Алайда, біріктіру үрдісі әлі аяқтала қоймаған, Қазақстанның түрлі өңірлерінде танылмай белгісіз күйде қалып қойып отырған дарындар жеткілікті. Кесу-жону өнерінің шеберлері жетіп жатыр, жақсы суретші, ою-өрнек суретшілері республиканың оңтүстігінде де, солтүстігінде де жетіп жатыр.


Суретшілердің басын біріктіру міндетін белсене атқарып жүрген Ұйымдастыру комитеті таяу уақытта .... Одақтың тұрақты құрамын бекітіп, оны одан сайын кеңейте беруге міндетті. 1934 жылы Мәскеуде Кеңестік Қазақстанның үлкен өнер көрмесі өткізілді. Бұл көрме шығармашылық тұрғыдағы бетбұрысты және суретшілер өнерінің өсіп-өркендеуге деген бет алысын көрсетті. Енді тек ою-өрнектік қана емес, қазақтың бейнелеу өнері туралы да, Қазақстан осыған дейін білмеген оның жаңа түрлері жайлы да айтуға болады.
1934 жылғы шілдеде ҚКСО Ұйымдастыру комитеті ақынның көз жұмғанына 30 жыл толуына байланысты Қазақ ұлттық мәдениеті ғылыми-зерттеу институты жариялаған, Абайдың портретіне байқау өткізілді. Қазақстанның орталық мұражайында 20 суретшінің қатысуымен байқау жұмыстарының көрмесі ашылды. 25 шілдеде Абайдың 22 портреті ұсынылған, ақынның ең үздік портретіне байқау әділқазыларының қорытындылық мәжілісі болып өтті. Кескіндеу өнері бойынша алғашқы сыйақы берілмеді. Екінші сыйақы суретші А.М.Зотиковтың еншісіне тиді. Үшінші сыйақыны – А.А.Риттих иеленді. Кестелік туындылардың ішінде бірінші сыйақымен А.С.Пономаревтің жұмысы аталды.


Сол кездегі ұйымдастырушылық қиыншылықтарға орай, 1930-шы жылдардағы әрбір көрменің маңызы ерекше болды, ол республиканың шығармашылық күштерін біріктіруге жетелейтін кезекті қадам болды. 1933 жылдан 1936 жылдар аралығында жеті көрме өткізілді.
Қазақ ұлттық мәдениет институты және Қазақстанның суретшілер Одағының Ұйымдастырушылық комитеті ҚАКСР 15 жылдығына және Қазан төңкерісінің 18 жылдығына арналған мерейтойын ұйымдастырды. Ол 1935 жылы 01 қарашада Қазақстанның өлкетану мұражайының кеңсесінде өткізілді. Көрменің ерекшелігі онда тұңғыш рет қазақстан суретшілерінің туындылары сол кезде ұйымдастырыла бастаған, Қазақ Ұлттық көркем галереясы үшін сатылып алынды.


1936 жылы көктемде Мәскеуде Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің бірінші декадасы өтті. Бейнелеу өнері Мәскеудің Үлкен театрының фойесінде 17 мамырдан 26 маусымға дейін өткізілді. Экспозицияны Қазақстанның Орталық мұражайының, ұлттық мәдениет институтының, т.б. ұйымдардың материалдарында ұйымдастырды. Оған кескіндеме, графика, заманауи суретшілерінің плакаттары, халық өнерінің үлгілері, жалпы 200-ден астам экспонаттар қойылды. Қатысушылардың арасында: Ф.И.Болкоев, А.И.Бортников, Л.В.Гербановский, К.Г.Григорьянц, А.Исмаилов, В.В.Каптерев, Ә.Қастеев, Н.И.Крутильников, А.А.Риттих, Е.А. Техменев, Х.Х.Қожықов, Н.Г.Хлудовтар болды. Мұндай іс-шараларды сол кезде декада деп аталатын, әрине, ең алдымен қазақ әуен театры үшін бұрын-соңды болмаған жағдай еді. Театрдың көптеген қызметкерлері үкімет тарапынан марапатталды. Көркем көрмелер де назардан тыс қалмады. «Әдеби газет» былай жазыпты: «Хлудовтың отыз шақты суреттері Қазақстанның кішігірім энциклопедиясы іспетті, осы өлкенің тарихын, өмір салтын, бет-бейнесін бояулы, жолақтармен береді». Осы декадаға орай ұйымдастырылған суреттердің, кілемдердің, ою-өрнектер мен әшекейлердің көрмесі тым қызықты. Көрмеде Хлудовтың көптеген суреттері қойылған. Техменевтің үш суреті тұр. Риттихтің, Бортниковтың суреттері, т.б. суреттер бар. Сол кездегі газеттерден тағы бір үзінді: «23 мамырда Үлкен театрда Қазақ Халық ән, би-күйлерінің концертімен Мәскеудегі Қазақ өнерінің декадасы аяқталды. Жолдас Сталин қатысты». «Үлкен Кремль сарайының Георгиев залында 25 мамырда Қазақстанның өнер қайраткерлерінің Мәскеу өнер қайраткерлерімен шығармашылық кездесуі өтті. Кездесуге Сталин, Молотов, Ворошилов, Калинин, Каганович, Микоян, Хрущев, т.б. келді. Режиссерлер, артистер, жазушылар, суретшілер мен мүсіншілер келді».


Мәскеуде болып өткен осы екі көрме Қазақстанның жас бейнелеу өнерін көпшілікке паш етіп қана қоймай, оның ұйымдастырушылық жағындағы кемшіліктерін де байқамай қалмады. Бұл сол кездегі баспасөз беттерінде жазылды. «Қос көрменің сабағы» мақаласында шығармашылық жұмыстың бастапқы кезеңіне тән болып келетін осы олқылықтарға мән беруге нұсқады: «Өнерді басқару- аса күрделі іс. Қазақстанда жалпы өнерді Халық Ағарту Комиссариаты басқарады. Мұндай бірлесе, қоса атқарылатын басқарудан, әсіресе, бейнелеу өнері жәбір шегуде. Суретшілер жайлы жылына бір-екі рет- Ұлы Қазан революциясы, атаулы мерекелер күні еске алынып қояды. Кескіндеу мен мүсіндеу өнерінің шеберлері мүлдем дұрыс пайдаланылмайды. Олар «мезгілдік ресімдеушілер», жалдамалы жұмысшылар сынды. Суретшілер өздерінің кәсіби шеберлігін арттыруға құлқысыз, жетілдіріп, дамуға мойны жар бермейді. Оларды одақтармен немесе түрлі мекемелермен жасалған шарттар бойынша берілетін аванстар мен жеңіл субсидияларға әбден дәніктіріп қойған. Көркем білім мен мұражай жұмысы тым қанағаттанарлықсыз деңгейде».
Осының салдарынан, Ұйымдастырушылық комитетінің қызметінің осы алғашқы кезеңі туралы 1933-1936ж.ж. салғырттық пен немқұрайдылық сипатта дұрыс түсінік қалыптаспады. Тәжірибенің жоқтығы, қаражаттың тапшылығы, әрине теерріс нәтиже берді. Суретшілер де Ұйымдастыру комитетімен белсенді ынтымақтаса қоймады. Дегенмен, болашақтың тұңғыш мықты кірпіші қаланды.


1937 жылдан бері ұйымдастырушылық жұмыстарының екінші кезеңі басталады. Оның ерешеліктері мен сипаттамасы қандай болды? ҚКСО Халық ағарту комиссариатының қарауынан шықты, 1937 жылғы қаңтардан бастап үкіметтің аулысына сай Өнер Ісінің Басқармасына өтті, ҚКСО Ұйымдастыру комитеті деп аталынатын болды. Ұйымдастыру комитетінің дөңгелек мөрі 1940 жылға дейін қолданыла берді. Қаржыландыру мөлшері де ұлғайды. 1937-1938 жылдардан бастап Ұйымдастыру комитетінің мұқтаждығына енді 80 000 рубль бөлінетін болды. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы қызметіне Өнер ісінің басқармасы тарапынан тағайындалатын болды. Егер 1933 жылдан бастап 1936 жылғы желтоқсанға дейін ҚазКСР ҚКСО төрағасы болып суретші Ф.Болкоев тапжылмай отырған болса, 1937 жылдан бастап өзгерістер, ауыстырулар, тағайындаулар, шұмыстан шығарулар, т.б. күшейді. 1938 жылғы қараша айына дейін тоғыз төраға ауысты, оның кейбіреулері бір-екі ай ғана басқарды. Мысалы, И.П.Швецов 4 күн ғана басқарды. Бұл суреттің не екенін білмейтін, өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдардың билікке таласқан тұсы болатын. Партия мен Үкімет оларды бейнелеу өнерін басқаруға тағайындады, ол шығармашылықты ысырып қойып, тек ұйымдастырушылықпен (маңызды болмады деп айта алмаймыз, әрине) айналысқан кезі еді. Төрағалардың бұлай үздіксіз ауыса беруі Ұйымдастыру комитетінің қызметін қысып, өзара талас-тартыс, топтасып алу, бөлінуге әкеліп соқтырды. Көптеген қолға алған істер жетекшіліктің кетіп қалуына байланысты, аяғына дейін жеткізілмей, жарты жолда қалып қойып жатты. Қызметке жаңадан тағайындалған төраға өзінен бұрын басқарған төрағаның берген бұйрықтарын жоққа шығарып, бұзып жатты. Төрағалардың екеуі- М.М.Жанкин және Г.С.Мартынов 1938 жылы Сталиннің қудалауына ұшырады.


Сол жылдары ҚКСО ықпалды тұлғасы Владимир Николаевич Сладков болды. Оның төрағалық етуінен бастап 1938 жылдан бері ҚКСО ұйымдастыру тарихының үшінші кезеңі басталады. Осы кезде іс қағаздарын жүргізу, ҚКСО құрамының тұңғыш қайта тіркеулері өткізіледі. Ол ҚКСО құрама қабылдаудың қатаң ережелерін бекіте алды, бөтен, кездейсоқ жандарды жолатпауға тырысты, Одаққа қабылдау кезінде қатаң, биік, қосымша талаптар қойды. Суретшілерге қосымша санат енгізу жөніндегі бастаманы да көтерген сол болатын. Одақтың мүшелерінен (шешуші дауыс беру құқығымен) және үміткерлерден (кеңесу дауыс беру құқығымен) басқа «жарысушылар» да болды- есепте тұрған суретшілер. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатында (Қазақстан Ресубликасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты) одаққа кіргісі келетіндердің ондаған (жүзден астам) анкеталары сақталып қалған. Олардың қатарында тек өз бетінше сурет салуды ұнататындар ғана емес, кәсіби суретшілер де жеткілікті. Соған қарамастан, 1937 жылы 01 шілдеде ҚСО 16 мүшеден, 2 үміткерден, 7 бәсекелесушілерден тұрды. В.Н.Сладков өзінің қызметінде тәртіп пен қатаң ұйымдастырушылыққа талпынды, соның кезінен ҚКСО секциялық құрылымын ұйымдастырудың ұзақ үрдісі басталған еді. Кескіндеу секциясы өздігінен қалыптасып қалды десе де болады, себебі, суретші кескіншілер Одақтың мүшелерінен саны жағынан басым болды ғой. График-кестешілер арасындағы жұмыс туралы мәселе 1937ж. 16 маусымда Ұйымдастыру комитетінің мәжілісінде алғаш рет көтерілді. Әңгіме кестешілер –графика секциясын құру қажеттілігі туралы болды. Н.Д.Тимофеевке даярлық жұмыстары тапсырылды. Келесі мәжілісте 8 шілдеде ол іске асырылған жұмыстар туралы есеп берулерін ұсынды.

Ұйымдастырушылық жиналысына 9 суретші-графикшілер келді. Осыған дейін мамандандырылған көрмелердің өткізілмегені, графикшілердің жұмыстарының ешқандай бағаланбағаны анықталды. Сурет галереясы олардың жұмысын «ұсақ-түйек, мұражайға қызықты емес» деп қабылдамайды екен. Бұл, негізі М.М.Джанкиннің графика өнеріне деген жеке қатынасы себепті осылай қалыптасып қалған еді, Ол кезінде Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, сурет галереясының директоры лауазымында графиканы өнер санамайтын. Соған қарамастан, 1937ж. 04 тамыздағы мәжілісте графика секциясы: ұйымастырылған деп есептелсін, 1938 жылға жоспар мен смета құрылсын, осы талаптар Н.Д.Тимофеевке тапсырылсын деп бұйырылды. 1937 жылы өнертану секциясы үшін де маңызды жыл болды. Алғаш рет сынау және өнертану секциясы туралы әңгіме Ұйымдастыру комитетінің 19 желтоқсандағы Ф.Л.Эрнсттің ҚКСО қабылдануына байланысты №18 хаттамасында көрсетілді. Оған секцияны ұйымдастыру міндеті тапсырылды, ол кезде өнертанушылардың қатары тым шағын, тіпті жоқ болды десе де болатын.
1937 жылы суретшілермен туынды сомдауға арналған шарт жасау тәртібі белгіленді. ҚС Ұйымдастыру комитеті Қаз КАСР Қазақ Халық Комиссариаты Өнер істері жөніндегі басқармамен бірлесіп көрменің тақырыптық жоспарын жасап, суретшілерді онымен таныстырды. Таңдалған тақырыпқа белгілі бір мерзімге шарт жасалды.
ҚКСО әр кездері түрлі ұйымдар өткізетін түрлі байқауларға қатысатын. 1937 жылы Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Мемлекеттік елтаңбасын салуға байқау жарияланды. 25 мамырда 24 жоба қарастырылды. Қазақ төңкерісінің 20 жылдығына Өнер істері басқармасы суретшілерді мерейтой плакатын салу бойынша байқауға қатысуға шақырды. Жұмыстардың ұсынылатын уақыты да белгіленді- 1937 жылы 19 қыркүйек. Байқаудың талаптары бойынша түр-түсі, мәтіні, суреті аяқталған, дайын түпнұсқасының ұсынылуы міндетті болды. Шығармашылық жарысқа В.Оленев-Антощенко, А.И.Ненашев, В.В.Нестеров, А.А.Риттих, И.И.Савельевтер –барлығы 9 суретші белсенді түрде ат салысты.


1936-1937 жылдары болашақта ҚКСО көркем қызметінің тұрақты тәжірибесіне айналатын, болашақ туындыларға арналған материалдарды жинау мақсатында, тұңғыш рет бүкіл елді аралайтын шығармашылық іссапарлар ұйымдастырыла бастады. «Социалистік Алма-Ата» 1937 жылы 7 шілдеде былай деп жазыпты: «Біздің республикамыздың қол жеткізген жетістіктері мен табыстарын өнерде бейнелеу үшін СО Ұйымдастыру комитеті осы жазда бірқатар шығармашылық іссапарларды ұйымдастырды. Суретшілер бүкіл облыстарды аралап кетті. Олар кемеңгер тұлғалардың портреттерін салып, Қазақстанның таңғажайып табиғатын суреттеп, өнеркәсіп алпауыттарының кескінін таңбалайды. Суретші Оленев-Антощенко Петропавл мен Бурабай жаққа жол тартты, суретші Ненашев Омбы-мұнайға іссапарға аттанды. Суретші Крутильников өткен жылы-ақ Қарағандыда болып қайтқан. Бұл жылы ол сонда қайта барып, өзінің материалдарын толықтырып қайтады. Олардан үлкен көрме ұйымдастыырлмақ». Іссапарлар әдетте жаз мезгілінде өтіп, күзде суретшілердің барлығы атқарған қызметтері жайлы есеп берулерін ұсынатын.


Қазақстан Сууретшілер Одағының қызметінің негізгі міндеті 1930-шы жылдары сол суретшілердің басын біріктіру, барлығының қабілет-дарынын жұмылдыру, Қазақстанның ірі қалаларының ғана емес, түкпір-түкпір, шет ауыл-аймақтардағы қазақтың талант-дарындарының көзін ашу еді. Бұл мақсатта қандай шаралар қолданылды? 1936жылы 01 желтоқсанда Өлке комитетінің бюросы бейнелеу өнері бойынша қаулы қабылдады. Онда Өнер Істері Басқармасына облыстарда ҚКСО Ұйымдастыру комитетттерін құру міндеті берілді. Өз кезегінде, Басқарма облыстардағы өнер істері жөніндегі барлық құзыретті орындарға өзінің деректемелерін 1937ж. 05 ақпанда жіберді. Онда облыстық атқару комитеттері: «облыс орталықтарындағы және мүмкіндігінше аудандардағы, әсіресе ірі өнеркәсіп өңірлеріндегі барлық суретшілердің мәжілісін ұйымдастыру; жиналыста Ұйымдастыру комитеті мен құзыретті тұлғаны сайлау; суретшілердің саны немесе құзыреттілердің саны жетіспейтін болса, дереу облыс бойынша барлық суретшілердің санын есепке алып, ең болмағанда олардың қазіргі кезде қандай жұмыспен айналысып жатқаны туралы дереу хабарлансын» делінген. Ақпан айында осыған ұқсас хатты Ұйымдастыру комитетінің төрағасы М.М.Джанкиннің атынан жіберілді. Жарғының үлгісі ретінде Мәскеу Суретшілер Одағының Жарғысы, Қазақстанның болашақтағы жағдайлары мен ерекшеліктері ескеріле отырып, жергілікті суретшілердің оған қосымша толықтырулары мен түзетулер енгізуі шартымен жіберілді. Сметаны құруда кішігірім аппарат құрамы: төрағаны, есеп жүргізуші-хатшы, еден жуушы, шабарман, сондай-ақ, кеңсенің жалға алынуы, әкімшілік-кеңсе шығындары, суретшілердің шығармашылық жұмыстарының қоры ескерілді. Ұйымдастыру комитетінің мүшесі Ф.Болкоев жеке өзі жергілікті жерлерде филиалдардың құрылуына қатысу үшін іссапарға аттанды. 28 мамырда ол Шымкентке келеді, 14 маусымда- Ақтөбеге жетеді, 22 маусымда- Қостанайда жүреді.

Нәтижесі біреу, ұнжырғаңды түсірерліктей. Мұнда Жарғының талаптарына сай келетін суретшілер жоқ екен, біліктілігі төмен өз бетінше сурет салушылар ғана жүр. Ұйымдастыру комитетін құрмай, анағұрлым белсенді және жауаптыларының арасынан құзыретті тұлғаларды сайлап қою шешімі қабылданды. Ақтөбеде А.И.Простев тағайындалды. Семейде жүргізілген белсенді жұмыстардың нәтижесінде А.Кашин құзыретті, ал, И.Ивачев оның хатшысы болып алды. Орал облысы бойынша төраға болып В.А.Большаков сайланды (мұнда 25 суретші бар екен). Петропавлда суретшілердің жиналысы 1937ж.12 сәуірде өтті. 21 суретші анықталды, олардың 12-сі өз бетінше үйренген суретшілер. Төрағасы болып Степанов сайланды. Бұл облыстармен жұмыс істеудің алғашқы қадамы еді, бірақ, осы алғашқы қадамның өзі материалдық қиыншылықтан шыға алмады. Облыстық атқару комитеттері ұйымдастыру комитеттеріне көмектесуден бас тартты, ал, ҚКСО өзінің осалдығының кесірінен не материалдық, не заңдық көмек көрсете алмады. Облыстармен жұмыс бастаудың бұл алғаш кезеңі Алма-Атамен хат алысумен ғана шектеліп қойды, бірақ, осы үлкен және күрделі жұмыстың негізі, болашағының кірпіші қаланды десек те болады.


Қазақстанның бірінші республикалық көркем көрмесі 1937 жылы 05 желтоқсанда Алма-Атада Қазақ Ұлттық Көркем Галереясының залында ашылды. Бұл күн тек ҚКСК үшін ғана атаулы болып қоймады. Вернисаж қонақтары арнайы галереяның ресми ашылуына қарай шақырылды. 22 суретші қатысты, 63 туынды қойылды. Осы көрме жыл сайынғы есеп беру көрмелерінің басталуының негізін қалады. Алдымен тек күзгі, кейінірек, соғыстан кейінгі жылдары көктемгі көрмелер де жұмыс істей бастады. Осылайша, ҚКСО өзінің жұмысы туралы жылына екі рет есеп беріп отыратын болды.
1938 жылы Одақтың хатшысы болып Н.С.Мухиннің келуімен Қазақстанның суретшілері жайындағы барлық мәліметтер жиналып, есепке алынатын болды. Бұл үшін жазу машинасында көбейтілетін арнайы анкеталар толтырылды. Ол суретшінің жолын өмірбаяны мен шығармашылық жолын сипаттайтын.


1930-шы жылдардың ортасына қарай, шығармашылық кадрларды даярлау мәселесінің өзектілігі артып, республикада көркем училище ұйымдастыру мәселесі қозғалды. 1936 жылда-ақ, Одақтың төңірегіне көркем білім алып, оқығысы келетін жастар үйіріле бастады. Ұйымдастыру комитетіне оқуға қабылдау туралы, көркем училищеге немесе мектепке оқуға түсуге және онда оқуға байланысты шаттардың түсіндірілуі жайлы хаттар толассыз келіп түсіп жатты. Хаттар ҚКСО атына ғана емес, жолдас Сталиннің атына да келіп түсіп жатты. Конверттерге жастар өздерінің суреттерін салып жіберетін. 1937 жылы 20 маусымда жастармен сабақ өткізетін бір топ суретшілер құрылды, ҚКСО Ұйымдастыру комитетінің жанынан бейнелеу үйірмесінің жетекшілері тағайындалды. Атап айтар болсақ: А.Риттих, Н.И.Крутильников, Лебедев, өнертанушы Д.М.Милеев, т.б. Шілде айында бір топ суретші-мұғалімдердің қатарын К.С.Хисматуллин толықтырды.

Қыркүйекте Н.И.Крутильниковтың орнына В.Оленев-Антощенко сабақ бере бастады. 1937 жылы 05 қыркүйекте Қазақ АКСР Халық Комиссариаты жанындағы Өнер істері басқармасы ҚКСО жанындағы көркем курстардың 01 қыркүйектен бастап тұрақты көркем мектепке қайта құру туралы, осы көркем мектептің АКСР Халық Комиссариаты жанындағы Өнер істері басқармасына қарасты оқу орындарының қатарына енгізілуі жөніндегі №219 бұйрығы берілді. Осы мектеп, не осыған дейінгі атауы бойынша осы курстар өзінің жұмысын 1937-1938 жылдары жалғастыра беріп, біртіндеп тұңғыш мамандандырылған көркем училищесінің қалыптасырылу негізіне айнала берді.


1938 жылы тамызда Ұйымдастыру Комитетінің мәжілісінде Көркем Кеңеспен бірлесіп Алма-Атадағы көркем училищеге оқуға түсу емтиханына 62 абитуриент жіберілді. Студенттердің тізімі бойынша бір семестрде 1938-1939 жылдары тек 39 адам саналды. Көркем училищенің алғашқы жылдары: А.И.Бортников (кескіндеу), Л.В.Гербановский (графика), К.С.Хисматуллин (сурет), Ковальчук (орыс тілі), Хабров (математика), Данилевич (химия және физика), Ахметов (қазақ тілі), Крутик (сызу), Земинский (география), Андреев (әскери іс), Колокольников (дене шынықтыру) ұстаздық етті.
Бір қызықты жайт: 1937 жылы ҚКСО Ұйымдастыру комитетінде ортақ іске өздерінің үлесін қосуға талпынған суретшілердің жұбайларының кеңесі құрылды. Көркем училище өзінің қызметін бастағанда әйелдер оның жатақханасының тазалығы мен тәртібін бақылауды өз мойындарына алған екен.
Училищенің тұңғыш директоры Швецов Иосиф Пантелеймонович болды. Одан кейін – Нкрасов Николай Алексеевич болды. Бастапқыда көркем училище Одақтың баспанасына, бар болғаны екі бөлмеге қысылып-қымтырылып жайғастырылған еді. Училищеге басқа, кеңірек кеңсенің берілуі ұзақ жылдардың өзекті мәселесіне айналып кетті.


1938 ж. гезеттерде ҚКСО жетекшілігін сынаған мақалалар пайда бола бастайды. Оқиға Мартыновтың (бәлкім, әдейі арам пиғылмен жазылуы да мүмкін) тұтқындалуына сай келеді. 11 шілдеде И.Левина өзінің: «Бұзылған стиль» мақаласында: «Жақында алты жас суретшілер тез арада суретшілердің жалпы жиналысын шақыруды талап етті. Мұнда өнер істері басқармасының өкілі де, ұлттық галереяның директоры да, партия ұйымының хатшысы да бір өзі жолдас Генералов алғаш рет Суретшілер Одағының ұйымдастыру комитетін Одақтың мүшесі, техникалық жұмыскер Сладков емес, ұйымдастыру комитетінің мүшелері- Савельев, Риттих, Болкоев, өздерінің жеке басының істерімен әбігер. Бар жұмысты Сладковқа тапсырып қойған». Одан әрі автор жас суретшілердің қызықты жұмыстарды алмағанын, барлық тапсырыстар ұйымдастыру комитетінің мүшелеріне бөлініп беріліп отырғанын, жастардың шығармашылық іссапарларға жіберлмегенін, Алма-Ата қаласының суретшілерінің Ұйымдастыру комитетіне сенуден қалғанын айтады.


Осыдан бірнеше күн өтпестен, И.Левинаның мақаласында жазылған оқиғалар талқыланып кетті. 16, 17, 22 шілде күндері Алма-Атаның суретшілерінің жалпы Ұйымдастыру комитетінің жұмысын қызу сынап-мінеген жиналыстары, талқылаулары болып өтті. Ұйымдастыру комитетінің хатшысы В.Сладковтың ҚКСО жұмысы туралы баяндамасы тыңдалды. Газеттер: «Суретшілердің жалпы жиналысы екі күн бойы Ұйымдастыру комитетінің қызметі туралы есеп берулерін тыңдады. Жиналыста сөз алғандар 11 шілдеде мақалада келтірілген барлық жағдайларды растап берді. Жалпы жиналыс Ұйымдастыру комитетінің қызметін қатаң сынға алып, комитеттің қалған мүшелері Савельевті, Болкоевті, Крутильниковты немқұрайдылықта, салғырттықта, толық әрекетсіздікте айыптады. Жалпы жиналыс: саяси бейқамдық танытқандығы себепті Ұйымдастыру комитетінің мүшелерінің таратылып, олардың орындарына Чекалиннің, Ташбаевтың, Гербановскийдің, Хисматуллиннің, Соловьевтің, Бортниковтың, Сладковтың, Симкиндердің қабылдануын бекітіп; Суретшілер Одағының Ұйымдастыру комитетінің мүшесі А.А.Риттих теріс әрекеттері мен лауазымдық қызметіне сәйкес келмеуі себепті, суретші атақ-абыройына кір келтіргені үшін одақтың мүшелігінен шығарылсын» деп белгіленді.


1938ж. Ұйымдастыру комитетінің жұмысына секциялық жүйе енгізу мәслесі тағы да көтеріледі, әрбір секторға жетекші етіп- Ұйымдастыру комитетінің мүшелерін, не үміткерлерді тағайындау туралы мәселе қозғалады. Жобада жеті сектор анықталады: кескіндеу- жетекші А.Бортников, графика- Л.В.Гербановский, саяси-тәрбие және қоғамдық жұмыс- Клейтман, В.Н.Крошин, мамандарды даярлау секторы- К.С.Хисматуллин (училищеге, курстарға, кәсіби суретшілер студиясына көмек), көркем өнер секторы- А.Ташбаев, әлеуметтік-тұрмыстық- Б.А.Чекалин (пәтерлер, емдеу, демалыс үйлері, курорттар), суретшілерді материалдармен жабдықтау- В.Сладков. жалпы жиналыста 1938ж. 23 қазанда осы жобаның бекітілу кезінде А.И.Ненашев бастаған театралдық секция, С.Столяров бастаған рәсімдеу секциясын, В.Н.Крошин бастаған мүсіндеу секцияларын қосымша ұйымдастыру ұсынылды. Барлығы -10 секция.
КСРО Суретшілер Одағының ұйымының құрылымына ұқсап бағу және ҚКСО жұмысына серпін беру мақсында Ұйымдастыру комитеті 1939ж. 14 қарашада көрмелік секторды қалыптастыруды да шешті (төраға- Н.Крутильников, орынбасарлары Н.Ненашев, Ф.Болкоев, Л.В.Гербановский, Р.Т.Папэ), бейнелеу өнерін сынау секциясы- Скалдин, облыстық филиалдарға көмек көрсету комиссиясына көмек ретінде- В.Сладков, Н.В.Цивчинский, Э.В.Чарномский, одаққа мүшелікке қабылдау және мамандар комиссиясына- төраға В.Сладков, хатшы- Н.С.Мухин, Ф.Болкоев, Р.Ф.Ардатов, В.Нестеров - әскери- қорғаныс комиссиясына белгіленді. Монументалды секция бойынша шеберлерді анықтап, даярлық жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Өкінішке орай, соғысқа дейінгі жылдары секциялар өздерінің жұмыстарын сол күйінше дұрыс жолға қоя алмай, бейнелеу өнеріндегі белгілі бір салаларындағы өзінің қызметін өрістете алмады. Бір реттік акциялар өткізілгенімен. ҚКСО суретші кестешілерінің-график мәжілісінде 1939ж.15 мамырда төмендегідей көрсеткіштер бойынша ең үздік секция атағына: идеялық-саяси деңгейдің және біліктілікті арттыру; ҚКСО бір жылдығына орай, графиканың барлық түрлері бойынша толыққанды тақырыптық туындылар сомдау бойынша социалистік байқау жарияланды.


1938 жылы қараша айында ҚКСО қарасты бес адамнан тұратын Көркем Кеңес ұйымдастырылды: оның төрағасы- Н.Д.Тимофеев, хатшысы- Н.В.Цивчинский, мүшелері- А.И.Бортников, В.Н.Крошин, А.И.Ненашевтер болды.
Көркем кеңес атқарудың түрлі кезеңдеріндегі шарттық жұмыстарды қабылдады, түр-түсі, композициясы, суреттеріне байланысты ақыл-кеңестер беретін. Осылайша, біліктілік пен шығамашылық деңгейді көтеру мәселесі көкейтесті кезеңде үлкен роль атқарды.
1939ж. 11 қазанда ҚКСО 62 адам есепте тұрды.


1939 жылы СО Ұйымдастыру комитеті облыстарда тұратын суретшілермен жұмысты одан әрі белсендендіре бастайды. Шет-аймақтардағы суретшілерден Алма-Атаға келіп, Суретшілер Одағына кіріп кеткендері ғана белгілі болатын. Ұйымдастыру комитетінің бір мәжілісінде СО одақтың уәкілдерін суретшілермен танысып, олардың шығармашылығын анықтау үшін облыстарға іссапарға жөнелту туралы шешім қабылданды. Жаңа іссапардың мақсаты сол- суретшілерді анықтау, анкеталық мәліметтерді жинау, олардың шығармашылық жұмыстарын қарап, талқылау үшін алып келу. Жарғы бойынша филиал 10-12 суретші болғанда ашылатын, егер қажетті құрамы болмаса, тек құзыретті тұлға тағайындалатын.
1939 жылы Қазақстанның СО Ұйымдастыру комитеті кейбір облыстарда өзінің филиалдарын ашып, олардың жетекшілерін тағайындаудың сәті түсті: Ақтөбеде- А.И.Простев, Петропавлда- Прокопьев, Қарағандыда- И.Д.Николишин, Шымкентте- В.Н.Киясов, Семейде- И.Г.Ивачев, Оралда- Ким-Хен-Нюн, Өскеменде- Г.У.Мулиндер тағайындалды. Кейінірек облыстардағы филиалдардың сандары 9-ға дейін ұлғайды.


Шымкенттегі филиалының ашылуы бойынша «Оңтүстік Қазақстан шындығы» облыстық газеті (1939 ж. шілде) «Қалада Республикалық Өнер істері басқармасы комитетінің берген нұсқаулығы бойынша ҚКСО облыстық филиалы ашылды. Филиалда 11 суретші тіркелді. Олардың арасында көп жылдық тәжірибесі мол жолдас В.Н.Киясов, О.Д.Кужеленколар да болды. Суретшілер Қазақстан суретшілерінің тұңғыш съезіне орай, Алма-Атада өткізілетін республикалық көрме үшін өздерінің ең үздік деген 86 туындыларын іріктеп алды» деп қуана хабарлады.
1938 жылдың соңында-ақ Алма-Атадағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрында У.Шекспирдің ең үздік көркем рәсімделуіне байқау жарияланған болатын. Декорация эскиздерінің және төрт жейделердің тігілу мерзімі – 1939 жылғы 25 желтоқсаннан 05 ақпанға дейін деп белгіленді. Байқауда Э.В.Чарномский, Г.И.Симкин, К.Ходжиков, М.Өскенбаев, Р.Т.Папэ, С.Стляров, С.Беланотти, т.б. қатысты.
Сонымен қатар 1939 жылы қаңтарда жобаларды 20 қаңтарға дейін ұсыну талаптарымен, «Кеңестік Қазақстан» журналының мұқабасын графикалық ресімдеуге байқау жарияланды. Шығармашылық байқауда суретшілер ғана емес, барлық қалаған адамдар қатысуға құқылы болды. Жазылғандар Г.И.Симкин, Ф.А.Чернышев, А.К.Евдаков, С.С.Столяров, Е.М.Колокольниковтар еді.


1940 жылы ҚСО шығармашылық және ұйымдастырушылық тәжірибе жинақтап алған еді.
1940 жылы 26 маусымда Қазақстанның суретшілерінің 1-ші республикалық съезі (мұнда және бұдан былай съезд туралы ақпараттарды қосымшадан қараңыз) Партиялық ағарту үйінде ашылды (Пушкин көшесі). Съездің жұмысы 5 күнге созылды, 30 маусымда аяқталды. Бастапқыда съезд 12 маусымда бастау жоспарланған болатын, бірақ, оны кейін алдымен 25-іне, кейін Қазақстан республикасының Жоғарғы кеңесі мен Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті пленумының сессиясының шақырылуы себепті 26 маусымға кейінге қалдырылды.


Съездің ашылуына Одақтың кеңсесінде көрме өткізілді. 1940 жылы 27 сәуірде ҚСО көрме тақырыптық емес, суретшілер өздерінің кез келген жұмыстарын іріктеулерсіз және қараусыз ұсына алады деп жарияланды. Дәл осы ұсынылған жұмыстар бойынша әрбір суретшінің СО мүшелігі бекітілді. Көрме мәскеу комиссиясы мен туысқан ресубликалардың делегаттарының тамашалауына есептелді. Алматылық суретшілерден басқа, көрмеге Шымкенттің - 9; Ақтөбенің - 3, Семейдің - 5, Қарағандының- 5, Оралдың- 3 суретшілері өз жұмыстарын көрермендердің назарына ұсынды.
1940 жылға дейін СО төрағасы тағайындалып отыратын. Жаңа тәртіп Қазақстан суретшілерінің 1 съезінен кейін қалыптасты. Енді бұл лауазымға сайланатын болды.
Қазақстанның Суретшілер Одағының тұңғыш съезінің алдында КСРО Суретшілер Одағының Ұйымдастыру комитетінен Мәскеуден Алма-Атаға құрамына С.А.Чуйков, С.М.Штыкан, А.И.Марковтар кіретін суретшілердің бригадасы жөнелтілді. Іссапардың мақсаты Қазақ АСР СО қызметіне тексеру жүргізу. Іссапардың нәтижелері 1940 жылы 10 қазанда КСРО СО Ұйымдастыру комитетінің президиумының мәжілісінде ұсынылды. Осы мәжіліске ірі кеңес суретшілері мен өнертанушылары: А.М.Герасимов, Г.Г.Ряжский, В.И.Яковлев, В.Н.Быков, Я.Д.Ромас, А.П.Бубнов, Ф.Ф.Федоровский, С.А.Чуйков, С.Д.Меркуров, И.Ф.Титов, Г.А.Брылов, В.И.Мухина, В.Н.Чепелев, А.И.Марков, С.М.Штыкан, Б.В.Веймарн, Н.А.Нечаевтар қатысты. Төрағалық етуші Г.Г.Ряжский болды.


«Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Суретшілер Одағының жұмысы жөніндегі» негізгі баяндаманы Г.А.Брылов, оған қоса- тексерушілердің тобы жасады. Комиссияның қатысуымен суретшілердің - ҚКСО мүшелерінің қайта тіркеулері өткізілді. Қазақ суретшілеріне шеберлердің қалдырған мұраларын игере отырып, кәсіби шеберліктерін арттыру, натурадан көбірек жұмыс істеу керектігі айтылды. Одақтың қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде ұлттық мамандармен жұмыс істеу, олардың әрбіреуіне дербес әдіс қолдану, жаңа дарынды суретшілерді іздестіріп, табу міндеттері жүктелді. Халық шеберлерін шығармашылыққа тартып, олардың жұмысына өндірістік-шығармашылық база дайындау жөніндегі шарттар айтылды. Қазақстанның СО Мәскеуге 54 адамнан тұратын құрамды мүшелікке қабылдауды ұсынды. Осы айтылған Президиумның мәжілісінің №20 хаттамасына сәйкес, ҚКСО мүшелігіне 18 адам бекітілді, үміткерлер- 23, 5- кәсіби деңгейінің төмендігі себепті кері қайтарылды. 8-нің мүшелігі туралы сұрақ ашық күйінде қалды (жұмыстарының жеткіліксіздігінен). 1 съезден кейін Суретшілер Одағының мүшелігіне бекіту КСРО СО арқылы өтетін болды. КСРО Ұйымдастыру комитетінің 1940ж. 10 қазандағы хаттамасында: Қазақстанның ұйымын аяқталды және съезд қабылдаған Жарғының барлық бекітілген мүшелер мен мүшеліктен үміткерлер үшін міндетті деп табылсын деп жазылды.


КСРО Суретшілер Одағының ұйымдастыру комитеті 1941 жылғы жаз мезгілінде Қазақ, Өзбек, Қырғыз ресубликаларының суретшілерінің туындыларынан құрылған жылжымалы көрмесін Кеңес Одағының қалаларында аралауды ұйымдастыруды жоспарлаған еді. Қазақстаннан 17 суретші, 42 жұмыспен ұсынылған. Мәскеуде В.Н.Чепелевтің және Б.В.Веймарнның кіріспе сөздерімен каталог басылып шығарылып үлгерілді. Алдымен көрме Мәскеуде ашылды, бірақ, жұмысын жалғастыра алмады. Соғыс басталып кетті.