1941-1945 годы.

 

 

1941-1945 жылдар

Қазақстан Кеңес Социалистік Республикасы Суретшілер Одағының жетекшілігінің алдында соғыстың алғашқы күндері ұйымның қызметін әскери тәртіпке сай қайта құру жөніндегі, суретші Отанымыздың соғыста Жеңіске жетуіне қандай үлес қоса алатындығы туралы аса маңызды мәселе туындады. 1941 жылғы 26 маусымда әскери тәртіп ахуалындағы Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Суретшілер Одағының Басқарма Президиумының алғашқы мәжілісі болып өтті. Онда «қорғаныстық» жұмыс бойынша іс-шаралар жоспары жасалды. Суретшілерді шығармашылық жұмыс кезінде қорғаныстық тақырыпқа бағыттау, шілдеде қорғаныс тақырыбына көрме ұйымдастыру, «Отанымыздың жауларының үстінен» деген плакаттарды жүйелі түрде шығару, суретшілердің әйелдеріне арналған үйірмелер ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. 1941жылғы 04 шілдеде Президиумның мәжілісінде негізгі мәселе- 1941жылғы 03 шілдедегі радиодан Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы И.В.Сталиннің Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Суретшілер Одағының жұмысын қайта құру туралы жасаған баяндамасы талқыланды. Орыс және кеңес өнерінде қалыптасқан салт-дәстүрлерді пайдалана отырып, тарихи тәжірибесінің негізінде Қазақ Кеңес Суретшілер Одағының негізгі жұмысы деп – саяси үгіт-насихаттаудың көркем деңгейде орындалған плакаттарын шығару, барлық мүшелері мен үміткерлерді жоғарыда аталған міндеттерді орындауға деген құлшыныс, Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Суретшілер Одағының суретшілердің шығармашылығын қорғаныс жұмысына бұру. Одақтың ғимаратындағы плакаттарға арналған әйнекті кәсектерді жабдықтау. «ТАСС терезелері» және «Үгіт-насихат терезелері» суретшілердің екі тобы құрды. Біреуі Алма-Атада КСО болды. Оның құрамына: В.В.Воинов- бригадир, З.Д.Назыров – орынбасар, В.В.Каптерев, О.Д.Кужеленко, М.Өскенбаев, т.б. кірді. Екінші бригаданы Талғарда Украинадан көшіріліп әкелінген суретшілерден ұйымдастыру шешілді. Сондай-ақ, Г.А.Брыловтың төрағалық етуімен редакциялық кеңес құрылды. Қаланың баспаханалары бастапқыда шығарылуы қажетті даналардың санымен қамти алмады, шұғыл түскен тапсырыстарды игере алмады. Онда екі-үш бояудан тұратын трафарет арқылы плакаттар шығарылып, бір түнде 50-шақты дана басып шығарылды. Таңертең оларды қалаға таратуқа бар күш-жігер жұмсалды. ҚКСО Жазушылар Одағына осы насихат терезелері мен плакаттарды таратуға арналған әдеби мәтіндермен көмектесуін сұрады. 26 қазанда 250 рубль сомасындағы ең үздік насихаттау терезесіне сыйақы беріліп, айына бір рет марапаттау туралы шешім қабылданды. 1942-1945 жылдары 47 насихат терезесі (10520 дана), плакаттар- 68 (22 700), балаларға арналған кітаптар- 36 (527 000), ашықхаттар -16 (272 500), автолитографиялар -14 (11 500), эстамптар – 2 (5 000) шығарылды.
ҚСО саяси және шығармашылық міндеттерінен басқа, ҚСО қаптаған тұрмыстық мәслелерді шешулеріне тура келді. Жаулап алынған аудандардың тұрғындарының жаппай Қазақстан жеріне ағылып көшіріліп әкелінуі басталды. Негізінен суретшілер Москвадан, Харьковтан, Ленинградтан, Одессадан, Минскіден келе берді. 1941 жылы 28 шілдеде алғашқылардың бірі болып Алма-Атаға Киевтен өзінің елінде «Бұрыш» журналында жұмыс істеген суретші-график С.А.Уманский келді. ҚСО тамыз айында Э.Н.Бабад және кейін Өнер істері басқармасының бейнелеу бөлімінің бастығы болған Л.З.Кружковалар келді. Көшіріліп әкелінген суретшілер 1942, 1943 жылдары ағылып келулерін жалғастыра берді.
Ұлы Отан соғысы жылдары өнер, әдебиет жұмыскерлері, музыканттар мен суретшілер өздерінің шығармашылық одақтарының жолдамасымен бронь алды- әскери қызметтен (соғыстан) босатылды. Үкіметтің бұл қаулысы 1941 жылдың соңында шықты. Ұжым соғыс алдында 50 дамды санаған ҚСО соғысқа: К.Я.Баранов, Л.В.Гербановский, А.К.Евдаков, Д.Н.Елькин, А.Г.Заковряшин, А.Г.Ильин, В.М.Колоденко, З.С.Назыров, В.В.Нестеров, И.С.Петько, Пишванов, Х.Рахимов, К.В.Семенов, С.С.Столяров, Н.Д.Тимофеев, В.Д.Тканко, М.Өскенбаев, К.Қожықов, Н.В.Цивчинский, Б.А.Чекалин, т.б. шақырылды. Олардың кейбіреулері жарақаттанды, контузия алды, үйлеріне соғыс кезінде, не соғыс аяқталғаннан кейін орала алды. Өкінішке орай, сұм ажал да қарап тұрмады. Майданда: Гербановский Леонид Владимирович (1912-1944), Евдаков Александр Константинович (1913-1941), Елькин Дмитрий Никанорович (1907-1941), Заковряшин Александр Георгиевич (1899-1945), Ильин Алексей Георгиевич (1915-1941) қайтыс болды.
1941 жылдың қыркүйек айының ортасында Алма-Атадағы Орталық мұражайы кеңсесінде әскери кезеңнің алғашқы көрмелерінің бірі- 15 автордың басын біріктірген Суретшілер Одағының қатысуымен қорғаныс көрмесі өткізілді. Осы экспозиция үшін суретшілер партия мен үкімет жетекшілерінің, өткен замандағы әскери қолбасшылардың - А.Невскийдің, Суворовтың, Кутузовтың, т.б. портреттерін, плакаттарды, мүсіндер мен панноларды сомдады. «Казахстанская правда»: «Ол (көрме) батыр Ресейдің өткенін суреттейді және бүгінгі кеңес халқының герман фашизміне қарсы қайратын көрсетеді. Мұражай экспонаттары орыс қаруының қуатын, отансүйгіш сарбаздардың қаһармандығын бейнелейді». Экспозицияда «Александр Невский» фильмінің суреттері, Верещагин мен Прянишников деген суретшілердің суреттерінен репродукциялары ұсынылды. Амангелді Имановтың бейнесі арқылы Қазақстандағы 1916ж. оқиғалардың көріністері де берілді. Сонымен қатар, «Қазақ төңкерісі және азамат соғысы» бөлімі ашылып, оған А.И.Бортниковтың «Фурманов Верный қамалының митингісінде» деген суреті, азамат соғысының қолбасшыларының - Щорстың, Пархоменконың, Котовскийдің, В.Чапаевтың, Фурмановтың портреттері ортасына ілінді. Бірақ, қақ ортада Ә.Қастеевтің, Н.В.Цивчинскийдің, А.И.Бортниковтың туындылары ұсынылған «Ұлы Отан соғысы» айдары, А.С.Пономарев орындаған Кеңес Одағы қаһармандарының, әскер қолбасшыларының- Ворошиловтың, Тимошенконың, Буденныйдың мүсіндері қасқайып тұрды.
1942 жылы мамырда ҚКСО кеңсесінде 1941-1942 жылдары суретшілердің «Отанымыздың жауларын басып» деп аталатын насихат терезелері мен плакаттары (60-тан астам жұмыстар) көрмесі ұйымдастырылып, көрермендердің назарына ашылды. Экспозиция табысты өтті және осы жылдың маусым айында Қазақстанның жазушылар Одағының кеңсесінде қайталанды.
Ұлы Отан соғысының басталған күні 22 маусымда Фурманов көшесіндегі №28 мектепте Қазақстан суретшілерінің «Ұлы Отан соғысы» көрмесі ашылды. Ол өнер істері басқармасының, ҚКСО, «Қазақ Бейнелеу» өндірістік-шығармашылық бірлестігінің ұйымдастырылуымен ашылды. Павел Новицкий каталогқа кіріспе мақаласында: «Алма-Атада Ұлы Отан соғысының бір жылдығына ашылған кесте, кескіндеу, мүсіндеме туындыларының көрмесі ұлы кеңес халықтарының фашизмге қарсы ерен ерлігіне бағышталды. Оған Қазақстанның, Москваның, Ленинградтың, Украинаның суретшілері қатысады. Әскери тақырыпқа туынды сомдаған, қазір Қазақстан елін мекендеген әр жерден жинаған суретшілер өз дәуірінің осы ұлы тарихи оқиғасын ешқашан ұмытпақ емес. Жазықсыз халықты қырып-жойып бара жатқан қас жауларымыз жерімізге, елімізге қауіп төндірген осынау зұлмат заманда жауға қасқайып қарсы тұрып, қолға қару алып, соның ішінде өнер қаруымен де тойтарыс береміз».
Көрмеге 64 суретші қатысты, кескіндеме, кесте, плакат, мүсін өнерінің 143 туындылары ойылды.
1942 жылдың соңына қарай Қазақстан Суретшілер Одағының ұжымы көшіріліп әкелінген суретшілердің есебінен екі еседей ұлғайды.
КСРО СО алдында арнайы өтінішпен КСРО Көркем қорының Қазақ бөлімі арқылы, Қазақстанның СО 1942 жылы туынды сомдауға арналған шығармашылық жәрдемақы ала алды. Ленинградтан келген суретші В.Стерлигов: «Қазақстанның Суретшілер Одағы Көркем Қордың Қазақ бөлімімен бірлесіп, тамаша істі бастап кетті: суретшілердің Қазақстанның өмірінен алынған еркін тақырыпқа контрактациясы қабылданды. Оның басты сипаты- суретшінің шығармашылық еркін ештеңемен қысып, шектемеу, ол қалай қаласа солай жұмыс істей алатындай бар мүмкіншіліктерді аямай беру, материалдық жағынан еш қыспау. Мұндай контрактация жалпы суретшілер одағында жалғыз. Осындай ауқымда және соғыс кезінде. Шығармашылық жәрдемақы беріліп жатқан жиналыстардың бірінде суретшілер Одаққа бар алғыстарын жаудырды. Ел басна күн туған осындай заманда мұндай қамқорлыққа алынған суретшілер өздерінің жұмыстарын есеп беруге уақтылы тапсыруға тырысты.
1943ж. маусымда сол кеңседе- №28 мектепте 69 суретшінің насихат терезелерінен, баспасөзге арналған суреттер мен плакаттардан басқа 696 туындылары ұсынылған «Ұлы Отан соғысы» екінші республикалық көрмесі жұмысын бастап кетті. Көрме айдарларға бөлінді: «Отанымыздың өткендегі ерлігі», «Ұлы Отан соғысы», «Қазақстанның индустриясы», «Ауыл шаруашылығы», «Отанымыз», «Театр және кино суретшілері», «Балаларға арналған тақырып бұрышы», «Насихат-терезе» плакаттары, баспасөзге арналған суреттері.
Бүтіндей Ұлы Отан соғысына арналған 1942 жылғы республикалық көрмеден айырмашылығы екінші көрме кеңірек, ауқымдырақ ойластырылды. Соғыс жылдары сомдалған туындылар ғана емес, оның алдыңғы жылдары сомдалған дүниелер де қойылды (көптеген суретшілер соғысқа дейін бастаған жұмыстарын өздерімен бірге алып келіп, оны Қазақстанда аяқтап шықты). Осының барлығы Қазақстанның өнері үшін аса елеулі оқиға болды, суретшілердің шығармашылық қарқыны да байқалды.
«Қазақ Бейнелеу Өнері» ҚКСО жетекшілігімен 1944 жылы 500 данамен шыққан «Орыс халқының кешегі қаһармандығы» альбомына портрет салу үшін суретшілермен шарттар жасалды. Осы жобаға М.М.Аксельрод, Б.А.Месропьян, М.Миронова, И.А.Дайц, т.б. қатысты.
Соғыс жылдары ҚКСО өзінің кеңсесінде жекелеген, топтасқан, суретші-контрактандардың- В.В.Ушакова, Т.Н.Глебовой, М.З.Левина, К.Х.Қожықов, А.Исмаилова, П.Зальцман, Р.В.Великанова, В.В.Стерлигов, Д.И.Митрохин, Л.В.Гербановский (қайтыс болғаннан кейін), А.И.Бортников, М.М.Асельрод, В.В.Каптерев секілді суретшілердің оннан астам есеп беру көрмелерін ұйымдастырды. Кейбір суретшілер үшін, мысалы, Каптерев үшін бұл алғашқы жекелеген көрмесі еді.
1943ж. 23 қыркүйекте суретшілердің жалпы жиналысында Қазақстан Суретшілер Одағының қайта сайлаулары болып өтті. Оған: Басқарма Президиумының мүшелері: З.М.Левин- төрағасы, И.Н.Гурвич- төрағаның орынбасары, Г.А.Брылов,- төрағаның орынбасары, Б.В.Дубровский-Эшке, Б.И.Урманчелер кірді. Басқарма мүшелері: Ә.Қастеев, Л.П.Леонтьев, Б.А.Месропян, Д.И.Митрохин, М.М.Аксельрод, басқарма мүшелігіне үміткерлер: М.С.Лизогуб, А.А.Риттихтер болды.
Алма-Атаның суретшілері соғыс жылдары өздерінің шығармашылығын барынша кеңірек және жан-жақты пайдалануға талпынып бақты. 1943 жылы Алма-Атаның таулы етегінде Қазақстан Электр Станциясының алып құрылысы салына бастағанда, суретшілер бұл жағдайға лезде кірісіп кетті: жауынгерлік парақтарды рәсімдеп, қабырға газеттерін, құрмет тақталарын көркемдеді. Бірінші топ Қазақстан Электр Станциясына 11 мамырда келді. Е.П.Карасулова, И.И.Савельев, Н.Мухарева, Б.П.Бланктар орасан зор еңбектенді. Оның ішінде, Б.П.Бланк өзінің алған әсерін: «мен құрылысқа жер-топырақ жұмыстарының қайнап жатқан кезінде келдім. Бастапқыда үстеріне ала-құла киім киіп алып, шыжыған күнде, тастарды қопарып, күректермен жер қазып, ломмен тас ұрып, олардың арасынан үздіксіз арбаны ауыр тасқа, топыраққа, қиыршыққа толтырып алып ағылып әрі-бері тасып жатқан құжынаған халықты көріп мен абдырап қалдым... Мен жұмысшылардың көптеген кескіндерін түртіп алдым. .. үйге келіп, жиналған материалдардан линолеумде 15 гравюра кесіп алдым» деп жазады.
Соғыс жылдары тағдыр Қазақстанда біліктілік жағынан да, шығармашылық мүмкіншіліктерінен де санқилы суретшілердің басын біріктірді. Дегенмен, олар өзара үнемі қызу пікірталастырып, білгендерімен алмасып, тәжірибелерімен бөлісуге дайын тұрды. 1943 жылы 28 қазанда Қазақстан Кеңес Социалистік Республикасы Суретшілер Одағының монументалды кескіндеме өнері бойынша он күндік тәжірибелік жұмыстар жүргізілетін конференция ұйымдастыратындығы туралы хабарландыру жарияланды. Конференцияның міндеті: фреска техникасымен қабырғаларға сурет салу тәжірибесі үйретілді. Алғашқы тәжірибелік жұмыс 1943 жылы 10 қарашада өтті. Фрескалық кескіндеме семинарын Мәскеулік Льев Бруни монументалдық шеберханасының ассистенті – Сахнов өткізді. Одақтың кеңсесінде барлығы үш теориялық және екі тәжірибелік сабақтар өткізілді. Семинардың қызметіне М.М.Аксельрод, Р.В.Великанова, Т.Н.Глебова, Е.П.Карасулова, В.В.Стерлиговтар белсенді ат салысты. Одақтың ғимаратының қабырғаларында іс жүзінде кішігірім төрт фрескалар жасалды. Алған білімді құрылысы салынып жатқан Алма-Атаның ҚЭС қабырғаларына іске асыру пайымдалды. Бірақ, бұл жоспар жүзеге асырылмай қалды.
Білім мен тәжірибе алмасу туралы әңгімені жалғастыра отырып, қызықты және маңызды бірқатар мәселелерді атамай өтуге болмас. 1944 жылы 30 қаңтарда ҚКСО салонында ашылған «Суретші» көрмесінің талқылаулары болып өтті.
Өздерінің негізінен қарындашпен салған суреттерін 20 суретші ұсынды. Суретшінің шығармашылығындағы суреттің алатын орыны мен ролі туралы, реализм мен формализм туралы кәсіби сұхбаттасулар қызу пікірталастарға ұласты. Әрбір тілек білдіруші өзінің пікірін айта алды. Ленинградтан келген суретші-график В.В.Воинов суретті өз бетінше шығармашылық қызмет деп тани келе, бейнелеу өнерінің дәл сол қарындашпен салған суреттен басталатынын айтты. Н.С.Мухиннің естеліктеріне сай, суретшілер үйлеріне түн ортасында қайтты.
Барлық жекелеген және топтастырылған көрмелер талқылауларға салынды. Көзқарастармен сенімдермен алмасу, әсіресе, қазақ суретшілеріне аса пайдалы болды.
Көп жылдар бойы түрлі шрифтердің зерттеулері мен әзірленуімен айналысқан суретші-график Г.А.Брылов «Шрифт өнері» баяндамасын даярлапты. Осы баяндамасын Алма-Атаның жазушылары мен полиграфистерінің алдында 1941 жылы 07 мамырда және 1944 жылы 20 ақпанда сөз алды. Баяндама екінші рет арнайы суретшілер үшін оқылды. Г.Брыловтың ұжымдастары оның әзірлеулерін жоғары бағалады. Д.Митрохин шрифт өнерінің мәселелері «герметті бітелген» сала болып келгенін айтты. Оның айтуынша, баяндамада- «жақсы оқылатын шрифт жақсы, жақсы шрифт- жақсы кітап секілді» деген дәйектемесін алға тартты. Д.Митрохиннің пікірін екінші суретші Б.П.Бланк та бөлісті: «Брылов қызықты да күрделі жұмыс атқаруда. Біздің шрифтіміздегі сауатсыздықты жою үшін зор тер төгу керек» деп жазыпты.
1944 жылғы 05 желтоқсанда Қазақстан Суретшілер Одағының «Колорит туралы» тақырыбына арналған үлкен пікірталас болып өтті. Бұл пікірталасты Одақтың кеңсесінде орналасқан көрменің аясындағы кескіндеме секциясы ұйымдастырған екен. «Колориттегі ең маңыздысы, ол суретшінің өзі көретін әлемге деген сезімін, оған өзінің қатынасын бейнелеу құралы болып табылуында» деген Иосиф Гурвич мұнда кіріспе баяндама жасады. Сөз таластырған кескіндеу өнерінің профессоры А.Черкасский, М.Левин, Г.Брылов, Н.Карповский, өнертанушы Н.Дугачевалар болды. Кәсіби сұхбаттасуға көркем училищенің студенттері де жіберілді (18).
1944 жылғы мамыр айының соңынан қыркүйек айында бронь алған суретшілер: Н.П.Карповскийдің, Г.И.Симкиннің, А.Исмаилованың, А.С.Пономаревтің, В.В.Теляковскийдің, А.И.Ненашевтің, В.В.Каптеревтің, Х.К.Қожықовтың, т.б. есеп беру көрмелері болып өтті.
1944 жылғы 12 наурызда «Казахстанская правда» газетінің бетінде: «Үкімет комиссиясы қазақ халық батыры Амангелді Имановтың есімін мәңгі есте сақтау және құрмет тұту мақсатында батырдың кескіндемелік, мүсінді, графикалық портретіне байқау жариялайды. Батырдың көркем бейнесін сомдауға суретші Ә.Қастеев салған құжаттамалық портретін негізге алынды. Кескіндеудегі портреті майлы бояумен, әділқазылар алқасының қарауына аяқталған күйде, көлемі натурасынан төмен емес, натурасынан 1,25 жоғары емес болуы тиіс. Кескіндеу портретінің композициясына батырдың бар тұла бойы және сәйкес аксессуарларын да қоса суреттеуге болады. Графика мен мүсіні кез келген материалдармен және техникада, композицияларда, автордың қалауына сай көлемде сомдауға болады» делінген хабарландыру жарияланды.
Байқауға қатысуға тілек білдіруші туысқан республикалардан көшіріліп әкелінген суретшілер үшін тарих ғылымдарының докторы Ә.Марғұлан Амангелдінің тарихын, оның өмірбаянын, жүріп өткен жолын ынта-шынтасымен баяндап, түсіндіріп отырды. Ол үш лекция оқып шықты. Онымен қоса, ол 14 суретшіге консультациялар беріп, тіпті кейбіреулерінің үйлеріне де барып, ақыл-кеңесін еш аямады. 20 маусымда Қазақстанның Орталық мұражайында 63 туынды, соның ішінде 24 портреттер ұсынған байқау жұмыстарының көрмесі қойылды. Амангелді Имановтың еске алудың 25 жылдығына орай, оның есімін мәңгі есте сақтау бойынша Үкімет комиссиясы мүсіндеме өнерінің әйгілі шебері, Дағыстанның еңбек сіңірген қайраткері Х.Асқар-Сарыджаға батырдың тұлпарға мінген мүсінін сомдауға тапсырыс берді.
1944 жылғы 29 қыркүйекте ҚСО өзінің қатарында 160 адамды қамтыды. Соғыс жылдары ҚСО өзінің ұжымында әскери бөлімшелерге, шекара заставаларына, құрылымдарына қызмет көрсететін әскери-шефтік комиссияны ұйымдастырды. ҚСО барлық қалалық әскери комиссариаттарға, Іле ауданының әскери комиссариатына, ішінара Халық ішкі істер комисриаттарына шефтік қол ұшын беріп отырды. Әскери кезеңнің қиыншылығына қарамастан, ҚСО әскери лазаретті қамқорлығына алу туралы шешім қабылдады. Оның көркем рәсімделуін Е.П.Карасуловаға, Н.В. Цивчинскийге, О.Д.Кужеленколарға тапсырылды.
Мұнымен қоймай, суретшілер әскери госпитальдерде плакаттар, папье-маше, шыныға сурет салу, кескіндеу бойынша отан соғысының мүгедектерінің біліктілігін қайта белгілеу мақсатында жарақаттанған жауынгерлермен сабақтар өткізді. Суретшілер әскери госпитальдермен белсенді ынтымақтаса қызметтескендігі- жарақаттанған жауынгерлермен бейнелеу өнері жайлы сұхбаттасып, өздерінің туындыларын көрсеткендері себепті, Халық денсаулық сақтау комиссариаты ҚСО көмек көрсету туралы шешім қабылдады және жарақаттанған, денсаулығы мүшкіл суретшілерді Жаңа-Қорғандағы курортқа тегін жіберді. Бұл жайлы Н.С.Мухин: «Көшіріліп әкелінген суретшілер алғаш рет қазақ халқының тұрмыстық өмірін өз көздерімен көрді. Жаңа-Қорғанда жүріп олар кейде жалғыз өздері, кейде топтасып қазақтың қашық ауылдарына, кең далаларына, ауыл-аймақтардағы қазақ шопандарының мекендеген жасыл жайлауында аунап-қунап қайтты. Көшіріліп әкелінген суретшілердің есеп беру жұмыстарында қазақ ауылдарының кең дархан пейілінің суреттелгені де сондықтан еді» деп жазды. Жаңа-Қорғанда суретші М.М.Аксельрод, С.Ф.Беседин, В.В.Воинов, Т.Н.Глебова, В.В.Стерлигов, В.В.Ушаков, О.Д.Кужеленколар, т.б. ҚСО мүшелері, суретшілер болып қайтты. Әскери-шефтік комиссия өзінің жұмысын бейбіт күндері де жалғастыра берді.
1945 жылғы ақпан айында 28 Панфиловшылар саябағындағы «Алма-Ата» кинотеатрының фойесінде төрт майдангер-суретшілер: Б.А.Чекалиннің, С.С.Столяровтың, В.П.Киясовтың, К.Я.Барановтардың туындыларының көрмелері өткізілді. Экспозицияда- майдан көріністері, суреттері мен түсірілімдері ұсынылды.
ҚСО Басқармасының мәжілісінде 1945 жылғы 13 наурызда Одақтың жаңа жетекшілігі: төраға- М.А.Белов, шығармашылық мәселелер жөніндегі орынбасары- РФСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Б.В.Дубровский-Эшке, тұрмыстық мәселелер жөнінде- З.С.Назыров сайланды.
1945 жылы 16 мамырда броньделген салғырт суретшілер мен олардың есеп берулері жайлы КСРО КСО Ұйымдастыру комитетінің №9/14 деректемелік хаты бойынша суретшілердің шығармашылық есеп берулерін өткізу жоспары жасалды. Сонымен қоса, 1944 жылдың соңында басталған басқа қалалардан көшіріліп әкелінген суретшілердің қайта көшірілуі 1945 жылдың күрең күзінде аяқталды. Көптеген суретшілер өздерінің бастамасымен меншікті көрмелерін өткізуге талпынды. Осы жоспарда іске асыру үшін шығармашылық есеп берулер үшін апта күндері белгіленді. Сейсенбі және сенбі күндері кешкі сағат жетіден бастап жалпы жиналыстарда дереу 2-3 суретшілердің есеп берулері тыңдалатын болды. Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде 1945 жылғы 22 мамырдан 09 тамыз аралығында ҚСО басқармасы барлық ұжымның қатысуымен 23 суретшілердің шығармашылық есеп берулеріне арналған он үш мәжіліс өткізді.
1945 жылғы мамырда Қазақстанның 25 жылдығына арналғаун ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің мақтау қағаздарының эскиздеріне байқау жарияланды. 28 мамырда өзінің мәжілісінде ҚСО Басқармасы: «байқау жарияланып, оған қатысуға 11 адамнан белгіленген суретшілер тобы бөлінсін, суретші-графиктерді байқауға тарту мақсатында, ақпарат графика секциясына жеткізілсін» деген қаулы шығарды.
Шығыс мәдениеті мемлекеттік мұражайында ұйымдастырылған еліміздің түрлі аймақтарынан келген суретшілердің көрмесінің өткізілуі еліміздің біртіндеп бейбіт өмірге аяқ басқанын көрсетті. 1944 жылдың өзінде-ақ РФКСР облыстарының, одақтық, дербес республикаларының көрмесі өткізілді. ҚСО 26 суретші қатысты, 72 туынды көрермендер назарына ұсынылды. 1945 жылғы қазанда Мәскеуде Жеңістің құрметіне Бүкілодақтық көркем көрме болып өтті. Қазақстанның бейнелеу өнерін М.А.Белов, Г.А.Брылов, Р.В.Великанова, Ә.Қастеев, А.М.Мартова, З.С.Назыров, Б.И.Урманче, К.Х.Қожықов, А.М.Черкасскийлер танытты.