1946-1950-е годы.

1946-1950 жылдар
Қазақстан Кеңес Суретшілер Одағының соғыстан кейінгі жылдардағы қызметі 1945 жылдың соңында, Суретшілер Одағының салонында өткен «Қазақстанның 25 жылдығы» республикалық көркем көрмесінен басталды деп айтуға болады. Көшіріліп әкелінген суретшілердің көпшілігі дерлік тарап кетті, экспозиция 38 жетекші қазақстандық кескіндеме және график өнер иелерінің туындыларынан қойылды. Меншікті салон аса кең бола қоймағандықтан, көрмелік қызметтті белсенді деңгейге көтеру мақсатында Суретшілер Одағы түрлі алаңдарды пайдаланды- Ғылым Академиясының кеңсесін, Қазақстанның Жазушылар Одағының кеңсесін, Абай атындағы опера және балет театрының фойесін, Қазақстанның Орталық мұражайын, Гарнизондық Офицерлер Үйін паналады. Т.Г.Шевченко атындағы Қазақ Мемлекеттік Көркем галереясының залдары әлі пайдалануға берілмеді, ол әлі өзінің соғысқа дейінгі кеңсесін алмаған еді.
1946 жылғы сәуірде қазақстандық аз ғана суретшілер (Ә.Қастеев, Я.К.Кучис, Б.И.Урманче) Мәскеудегі Третьяков галереясында болып өткен Бүкілодақтық көрмеге қатысты. Осы сәуірде М.А.Беловтың, Б.А.Чекалиннің шығармашылық қызметтерінің 25 жылдығына арналған мерейтойлық көрмелері өткізілді. Тамызда кескіндеу өнерінің профессоры А.М.Черкасскийдің 60 жасқа толуына, шығармашылық қызметінің 35 жылдығына және педагогикалық қызметінің 25 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. Ол Суретшілер Одағының кеңсесінде, автордың соңғы жылдары жазған шамамен жүздеген жұмыстары тамашалауға ұсынылды.
Дегенмен, 1940-шы жылдардағы Қазақстанның мәдени өмірінің басты беттері Жамбыл Жабаевтың 100 жасқа толған мерейтойы болды. Суретшілер, әрине үлкен тойдан тыс қалған жоқ.
Жамбыл бабамыздың 100 жасқа толған мерейтойына даярлық Қазақстан суретшілерінің рухын бір көтеріп тастады. Қазақстанның СО барлық дерлік мүшелері Жамбыл тақырыбына қызу кірісіп кетті. 1946 жылдың басында-ақ газеттер келе жатқан той туралы бұрқыратып жаза бастады: «Осы жылдың маусым айында Алма-Атада Жамбыл Жабаевтың өміріне, шығармашылығына және қоғамдық қызметіне арналған сурет көрмесі ашылады. Көрмеде Қазақ, Қырғыз, Өзбек суретшілерінің туындылары қойылады. Көрмеге Мәскеудің, Ленинградтың, Харьковтың, т.б. Кеңес Одағы республикаларының суретшілерінің қатысуы пайымдалуда. Қазір Қазақстанның суретшілері көрмеге барынша дайындалуда». Әділқазылар суретші А.Пономаревтің ұсынған кеуде мүсінінің жобасын қарап, мақұлдады. Қазақ Бейнелеу Бөлімі Р.Ардатов, А.Мартова, И.Н.Крутильниковтар орындаған портреттерінің репродукцияларын шығарды. Б.Чекалиннің натурадан алынған жиырма екі (22) графикалық беттерді қамтитын, сурет альбомы жарық көрді. Жамбыл қария соңғы жылдары тұрған үйде оның есте мәңгі сақталуын көздейтін мұражай ашуға байланысты жұмыстар басталып кетті. А.Михеев, З.Назыров атты суретшілер мұражай бөлімінің көркейту жобасын даярлап, экспонаттарды орналастыру міндеттерін атқарды. Негізінен, А.Михеев «тәп-тәуір шеберлікпен» мұражайдың соңғы залы үшін аза тұту үрдісінің панорамасын бейнелеп берді. Мерейтойға Ә.Қастеев «Жамбылда қонақта» деген үлкен суретінде Социалистік еңбек ерлері мен академик Бардиннің, Мещаниновтың, режиссер Эйзенштейннің, балерина Уланованың, әртіс Қуанышбаевтардың қарияға қонаққа келгені суреттелді. Ақын Жамбылмен 1938 жылдан бері жеке таныс М.Лизогуб «Жамбыл және Мәлік Ғабдуллин» суретін салды. М.Белов көрмеге жамбыл жерінің пейзаждарын көрмеге ұсынды. Осындай іс-шаралардың ресми сипатына қарамастан, ол суретшілердің шығармашылығын ынталандырды, соның нәтижесінде расында да биік көркем дүниелер туындап жатты. Дәл осы мерейтойға А.Черкасскийдің «Дина Нұрпейісова және Жамбыл Жабаев» деген әйгілі суреті дүниеге келді.
1947 жылғы 22 қазанда «Казахстанская правда» Алма-Атаның Гарнизондық офицерлер үйінде Ұлы Қазанның 30 жылдығына арналған Қазақстанның бейнелеу өнерінің мерейтойлық көрмесінің аяқталып жатқаны жайлы хабарлады. Ол Қазақстанда соңғы 30 жыл бойы жазылған, шамамен үш жүздей туындылар қойылатын алты залды алады. Шамамен елуге жуық жаңа жұмыстар қойылды. Олардың автрларының қатарында Ә.Қастеев, О.Таңсықбаев, Н.Д.Тимофеев, В.Д.Тканко, О.Кужеленко, т.б. бар. 1948 жылғы маусымда осында Кеңес Әскерінің 30 жылдығына арналған кескіндеу, графика, мүсіндеу бойынша көркем көрме ашылды. Қырық суретші қатысты.
1940-шы жылдары Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Суретшілер Одағының өзге де республикалардың Суретшілер Одағы іспетті 1946-1948 жылдардағы БКП (б) бірқатар қаулыларының берілуіне байланысты формализм туралы: «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы қаулы, В.Мураделидің «Ұлы достық» операсы туралы, «Үлкен өмір» кинофильмі туралы, т.б. пікірталастыруларға тартылды. Кеңес Социалистік Республикалары Суретшілер Одағының Ұйымдастыру комитеті одақтас республикалардың Суретшілер Одақтарының арасында 1946 жылғы 04 қыркүйектегі Бүкілодақтық Коммунистік Партия Орталық Комитетінің (б) қаулыларының қорытындысына сай 1948 жылғы 09 наурыздағы деректемелік хаты толтырылып, таратылды. Мұнан басқа, ҚСО Басқармасының мәжілісінде 1948 жылғы 9-15 сәуірде КСРО КСО Ұйымдастыру комитетінің шығармашылық және қоғамдық деңгейде салғырт, одақта теріс әдеп тудыратын суретшілер жайлы деректемелік хаты талқыланды.
1948 жылғы 24 қыркүйекте «Казахстанская правда» И.Потехиннің «Суретшілер Одағының жұмысына не кедергі келтіреді» деген мақаласында: «... суретшілер әлі жаппай заманауи тақырыпқа ауыса алмай жүр. Бұл туралы олардың жұмыстарының соңғы көрмесінен айқын көрінді (бәлкім, жоғарыда аталған Кеңес Әскерінің 30 жылдығына арналған 1948 жылғы маусымдағы көрме болар). Натюрморттар, пейзаждар, ойсыз көріністер. Беловтың, Калмыковтың, т.б. көптеген суреттері көктемнің шуағын шашудың орнына, күрең күз бен қатаң қысты жақындатты... Олардың шығармашылығында формалистік және натуралистік көзқарас есіп тұрды, олардың ортасында әліге дейін «өнер өнер үшін» деген зиянды теория қалқып жүр. ҚКСО И.Потехиннің мақаласын 1-2 қарашада талқылап, натурализм мен формализм туралы пікірталастыру туралы шешім қабылдады. Әңгіме 11, 20 қарашада жалғасты. Суретші А.Подковыров «Формализм және натурализм туралы пікірталастырудың қорытындылары» баяндамасын дайындады. М.Белов кіріспе сөз сөйледі. Баяндама бойынша сөз таластыруда А.Бортников, өнертанушы О.Зобачева, А.Черкасский, С.Сухов, Н.Цивчинский, А.Исмаиловтар, т.б. ҚКСО мүшелері қатысты.
Суретшілер Қазақстан суретшілерінің туындыларынан формализм және натурализм сипаттарының шарттарын анықтауға талпынды. Бұл мәселеде айқындылықтың болмауы кез келген суретшінің «буржуазиялық өнерді» ұстанушы қатарына жатқызылуына әкеліп соқтыруы ықтимал еді. Іс жүзінде Ә.Қастеевтің шығармашылығы да осы ұғымға келіп саятын. А.Подковыров өзінің мақаласында: «Суретші Қастеевтің натурализмдігі туралы тараған пікірді кері ысырамын. Ұсақ сурет, жазып алу, натурализмді танытпайды. Себебі: сүйікті дүниесін ұсақ-түйегіне дейін бейнелеуге құмарлық (тұлпар аттар қашық жоспарда) және майлы кескіндеу өнеріндегі шеберліктің жеткіліксіздігі» дейді.
1949 жылы ҚКСО II съезінің алдында Алма-Атадағы ҚК Суретшілер Одағында КСРО КСО Ұйымдастыру комитетінің ғылыми хатшысы Козлов пен суретші Коршуновтардың қатысуымен үкімет комиссиясы жұмыс істеді. Одақтың құрамы қайта қаралып, ішінара өзгертілді, ҚКСО жаңа Басқармасы сайланды. 1948 жылғы 01 маусымда Одақтың жетекшілік етуші құрамына: төрағасы – М.А.Белов, шығармашылық мәселелер жөніндегі орынбасары- Л.П.Леонтьев, ұйымдастыру мәселелері жөніндегі орынбасары- Н.Д.Тимофеевтер кірді. 1949 жылғы сәуірден Басқарма Төрағасы болып К.Баранов, оның орынбасары- К.Қожықов, жауапты хатшысы- Н.Мухин тағайындалды. Басқарма мүшелері- М.А.Белов, Ә.Қастеев, А.Ф.Подковыров, С.Я.Сухов, О,Таңсықбаевтар сайланды.
Комиссия Қазақстан суретшілерінің бүкіл бір қатарының «бұрыс жолға түсіп кеткенін» анықтады. Атап айтар болсақ: А.Черкасский, Р.Великанова, Л.П.Леонтьев, М.С.Котляр, Э.Н.Бабад, И.Я.Иткинд, М.Лизогуб, т.б. осындай бұзық, «бұрыс суретшілер» болып шықты. Формалист «атағының» айқын сипаты болмады. Мысалы, М.Лизогубтың туындыларының қаптаған теріс ықпалдан туғаны дереу анықталды. Ол Черкасскийдің -неміс эксперссионизмінен тіпті Ван Гогқа дейін жетіп қалыпты. Комиссия А.Черкасский мен М.Лизогуб екеуін қоғамдық жұмыстан шеттетті. И.Иткиндті формализмі және кәсіби деңгейінің төмендігі үшін Одақтан шығарып, жекелеген зейнетақыдан айырды. Формализмі үшін, сондай-ақ, Э.Н.Бабад пен М.С.Котлярды да шығарып тастап, Р.Великанова мен М.Лизогубты Одақ мүшелігінен оның үміткерлігініе ауыстырды. Осы талас-тартыс, бәле-жала Одақтың қызметіне ылаң салды, суретшілер идеологиялық деректемелер мен қаулыларды ұзақ уақыт мыжып, талқылап отыруға мәжбүр болды.
Дегенмен, осы формалистер мен натуралистердің «абыройын айрандай төгуге» әуес болмаған ҚКСО Басқармасын тым қаралай беру де жөн болмас. Жалпы суретшілер көрмелерін қойып, шығармашылығымен айналысып, мүшелік пен Одаққа мүшеліктен үміткер болуын жалғастырып, шығармашылық жәрдемақыларын ала берді, т.б. 1951 жылы М.Лизогуб пен В.Великанова қайтадан Одаққа мүшелікке ауыстырылды. Осы жылдың 01 мамырында М.Белов И.Иткиндті формалистігі үшін Одақтың мүшелігі қатарынан шығарылғанын қате деп танып, оның мүшелігін қайта қалпына келтіру жөнінде арызданды. 1956 жылы И.Иткиндке алдын-ала жөндеулер жүргізілген, шығармашылық жұмысқа арналған кеңсе бөлінді.
Экспозицияға жарамайтын туындыларды анықтау мақсатында КСРО барлық мұражайлары бойынша кеңес өнерінің қорларын тексеру туралы 1953жылғы 17 ақпанда КСРО Министрлер Кеңесіне қарасты өнер істері комитетінің №184 бұйрығы фрмализммен күресудің жаңғырығы еді. Осы тазартулардың нәтижесінде көптеген мұражайлар 1920-1940 жылдардағы кеңес суретшілерінің жұмысынан аса алмай қалды.
1951 жылғы қаңтарда Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрында Қазақстан суретшілерінің есеп беру көрмесі жұмыс істеді. Онда сегіз облыстан келген 89 суретші қатысты. Тұңғыш рет сол заманның баспасөз беттері – қатарында А.Ғалымбаева, Н.Таңсықбаев, К.Телжанов, Х.Наурызбаев, С.Мамбетев, Н.Нұрмұхамедов, У.Әжиев, А.Молдабеков сынды бір топ талантты қазақ суретшілерінің пайда болуының арқасында суретшілер қатарының ұлғайғанын атап өтті. Бұл туралы басқа мақалаларда: «тек соңғы 2-3 жылда бейнелеу өнеріне 20-дан астам, асқан шеберлік деңгейін игерген жас қазақ суретшілері жарқ етті» деп жазды.
Қазақстан суретшілерінің II съезінің соғыстан кейінгі бірінші он жылдығының ірі оқиғасы болғаны сөзсіз, әрине. Әскери уақыт тәртібінде съездер өткізілмейтін. ҚКСО тұңғыш съезді өткізілгеннен бері зымырап өткен он жылды қортындылайтын, таяу жылдардың мақсат-мүдделерін анықтайтын кез келді. бастапқыда есеп беру-сайлау алды жиналысын өткізу жоспарланған еді, бірақ, кейін съезд өткізу жөнінде шешім қабылданды. Съездге дайындалуға байланысты 1951 жылғы мамыр айының соңында Алма-Атаға КСРО Ұйымдастыру комитетінің төрағасы И.Ф.Титов келді. жоспарланған мерзімге дейін тым аз уақыт қалған еді, сондықтан да, басқарма мүшелерінен даярлық жұмыстарымен айналысатын «үштік» қалыптастыру туралы шешім қабылданды. Мұнан басқа, екі комиссия құрылды. Біріншісі М.Беловтың, С.Суховтың, В.М.Шипилиннің құрамымен, съезді шақыру және ұйымдастырушылық мәселелерімен айналысатын болды. Екіншісі (К.Баранов, Л.Леонтьев, А.Ф.Крашенинников) баяндамалардың дайындығымен және съезд алды көрмелермен айналысты. Бастапқыда съездің ашылуы 15 маусымға белгіленген болатын, кейін оны кешірек мерзімге ысырды.
Қазақстан суретшілерінің II съезі 1951 жылғы 20-23 маусымда Қазақ консерваториясының кеңсесінде өткізілді. Съездге Одақтың кеңсесінде өткізілген суретшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Ол 1951 жылы 18 маусымда ашылды. 23 суретші қатысты, 126 жұмыс ұсынылды.
Съезде талқыланған Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі формалистік ағымдардың тақырыбын бұқаралық ақпарат құралдары қағып алып жазды: «мұнда формализммен, шығармашылықтағы қолөнершілікпен өткір, бет қаратпас күрес жоқ. Одақтың басқармасы А.Черкасскийдің кеңес өнеріне жат әдісін айыптамай отыр. Басқарма Төрағасының орынбасары Л.Леонтьевтің кеңес өмірін бұрмалайтын «Түнгі үгіту» суреті де қатаң сынға алынбаған. В.Фролованың «Қант қызылшасының науқаны» жұмысының да қателігі өмірді білместіктен туған. Көрмеге келген бір топ трактористер автордың өрескел техникалық қателігін анықтап, трактордың суретінің дұрыс салынбағанын көрді.» Мақаланың авторы: «... өткен жылғы шығармашылық сомдалуға қазақ халқының жауы Кенесары Қасымов туралы тақырып жоспарланған болатын. Қазірдің өзінде басқарма кеңсесінде идеялық бұзылған тақырыптардан тұратын жолдамалық тізілім ілініп тұр». Мақаланың авторлары Қазақстан Суретшілер Одағының Басқарма Төрағасы М.Беловтың қызметін өткір сынға алды.
1950-ші жылдары «пәтер мәселесі» шиеленісіп кетті. Суретшілер Одағына арналған жаңа кеңсенің мәселесі де әлі шешімін таппаған еді. Алғаш рет М.Беловқа Алма-Атадағы Суретшілер үйінің құрылысы туралы мәселені қарастыруды сәулетші Б.В.Дубровский-Эшкеге тапсыру ұйығарылды. Бұл сұраққа тағы да 1946 жылғы 17 маусымда қайтып келді, Г.И.Симкин суретшілер қорының суретшілер үйінің құрылысын өз қаражаттарына салуға ниетті екенін айтты. Б.В.Дубровский-Эшке жоюа-эскизін әзірлеу ұсынылды. Бұл шеберханалары бар тұрғын үйі бола ма, әлде көрме залдары бар салон бола ма деген қағидалық мәселені шешу қажет еді. Ұзақ уақыт талқылаулардан кейін бірінші нұсқаға тоқтау туралы шешім қабылданды.
1947 жылғы 16 тамызда Суретшілер үйінің құрылысының жоспарлы ғимараты бекітілген Басқарма мен КСРО Көркем қорының Қазақ бөлімінің бірлескен мәжілісі болып өтті. Онда әкімшілік кеңселер, шеберханалар, тұрғын пәтерлер көзделді. Жоба түпкілікті 1950 жылы бекітілді. «Казахстанская правда» 1951 жылғы 19 тамызда: «Алма-Атада Фурманов/Қазан көшелерінің қиылысында сәулетші Стесиннің жобасы бойынша Суретшілер үйінің құрылысы басталды. Астана суретшілері құрылыстың басталған күнін жаппай жексенбілікпен атап өтті, алаңдарда даярлық жұмыстарын жүргізді. Суретшілер үйін келесі жылдың күзінде пайдалануға тапсыру туралы шешім қабылданды» деп жазды. Бірақ, құрылыс табандап, баяу жүріп, тек 1956 жылы ғана аяқталды. Сәулетші Б.Н.Стесин «Кескіндеме» мен «Мүсінді» сипаттайтын, екі метр жиырма екі сантиметрлік мінбесі бар екі мүсінді қондыру көзделі. Оларды Фурманов көшесінің жағынан үйдің бұрышына орналастыру жоспарланды. 1954 жылғы 11 мамырда З.Береговая және Х.Наурызбаевтар жұмыс істеген болашақ мүсіндердің эскиздері жоспарланды. Ортақ кемшілік- серпілістің, рухтың жоқтығы. Авторларға эскиздерді ескертулерге сай жетілдіріп, 1954 жылғы 10 маусымға дейін ұсыну тапсырылды. Бірақ, жоба іске асырылмады. Әйтеуір газеттер Алма-Атада 06 қазанда Суретшілер үйінің ашылғаны жайлы: «қаланың орталық көшелеінің біріндегі екі қабаттық ғимаратта суретшілер Одағының басқармасы, салон, кітапхана және шығармашылық шеберханалар жайғастырылды. Жаңа ғимаратта суретшілер Ә.Қастеев, А.Черкасский, Н.Таңсықбаев, С.Мамбеев, К.Телжанов, А.Степанов, мүсіншілер Х.Наурызбаев, Ю.Дорошев, т.б. жұмыстарына кірісіп кетті. Ғимараттың цоколь қабатында литографиялық офорттық станогы бар тәжірибеліккестелік шеберхана жабдықталады». Қазан көшесі, 56 – Суретшілер үйінің жаңа адресі осы. Бұл қызметінің дамып, өрістей беруіне жаңаша, жайлы жағдайлар жасалған Қазақстанның Суретшілер Одағы үшін аса маңызды және қуанышты оқиға болатын.
II съезде аталып өткендей, соғыстан кейінгі алғашқы жылдары Қазақстанның суретшілері шығармашылық базаларға шыға бастады. 1949 жылдан бері КСРО Көркем Қоры ҚКСО мүшелері мен үміткерлерінің біліктілік деңгейін арттыруды басты мақсаты етіп тұтатын, шығармашылық үйлерінің жұмысына кірісіп кетті. 1953 жылы хатшылықтың шешімі бойынша шығармашылық үйлеріндегі шығармашылық топтардың жұмыстарының бағыт-бағдары өзгертілді. Осы уақыттан бастап, республикалық және бүкілодақтық көркем көрмелерге арналған жаңа туындылармен жұмыс істейтін суретшілерден тұратын топтар ұйымдастырыла бастады. Онымен қатар, мамандықтары бойынша топтар - кескіндемешілер, графикшілер, плакатшылар, мүсіншілер, қолданбалы-суретшілер, керамикашылар, театр суретшілері, өнертанушылар, т.б. болып ұйымдастырыла бастады. Қазақстан суретшілері үшін өзге де шығармашылық топтармен қоян-қолтық ынтымақтастық қызметтестік, беделді суретшілердің беретін ақыл-кеңестерінің мағызы жоғары болды. Соғыстан кейін қайта қалпына келтіріліп, жаңғыртылған «Сенеж» Көне Шығармашылық Үйі болып табылды. Мәскеуден 25 шықырым жердегі аталмыш көлдің жағалауында орналасқан бұл отау аса танымал болды. Дзинтари станциясындағы Ригадан ағып өтетін көл етегіндегі осынау әсем мекенде Майори демалыс және шығармашылық үйі орналасқан болатын. 1946 жылғы 05 мамырда демалысқа келген суретшілерді тұңғыш рет құшақ жайып қарсы алды. 1954 жылдан бастап, мұнда мүсіншілер мен керамикашыларға арналған арнайы шығармашылық топ ұйымдастырылды. 1947жылғы күрделі жөндеулерден кейін, Мәскеудің төменінде «Челюскинская» Шығармашылық үйі, Гурзуфтағы К.Коровин атындағы Шығармашылық үйі пайдалануға берілді. 1956 жылы Ярослав облысындағы Переяславль-Залесскийдегі Д.Н.Кардовский атындағы Шығармашылық үйі суретшінің өзінің отанында жұмыс істей бастайды. Осы жылы Балтық теңізінің жағалауыдағы Палангыда (Литва) суретшілер базасы, сәл кейінірек – Сочиге жақын Хостиде осындай үй отауын тігеді. Бірнеше айлар бойы әр елден келген суретшілермен қоян-қолтық ынтымақтаса жұмыс атқарған қазақстандық өнер иелері – суретшілер өздерінің біліктілік деңгейін көтеруге талпынды.
1950 жылдардағы шығармашылық оқиғаларға қайта оралатын болсақ, 1952 жылғы 06 қаңтарда «Казахстанская правдада» қазақстандық суретшілердің республикалық көрмелеріне байланысты есеп берулерімен мақала жарияланды. Мақаланың авторы көрменің көңілін өздерінің өнер саласындағы шығармашылығын соғыстан кейінгі кезеңде бастаған талантты жастар көтеруде деп жазды.
Портрет саласының дамып, пейзаждардағы сәулеттік және индустриялық мақамдардың пайда болуына назар аударды және осыған дейін көрмелерде соңғы орындарды алып келген мүсін сомдау өнерінің санқилы сыр-сипаттарының пайда болғанына мән берді. Экспозиция Қазақстандық суретшілердің осал тұстарын да байқамай қалмады. Көптеген жұмыстар асығыс-үсігіс салына салған, олардың авторларының көрмеге бір-екі ай қалғанда жанталасып іске кіріскендіктері айдан-анық көрініп тұр. Осы тұстарының барлығы, әрине туындылардың сапалық деңгейін төмендетпей қоймайды.
1953 жылғы 7-11 қыркүйекте Ташкентте туысқан республикалардағы бейнелеу өнерінің даму мәселелері талқыланған, Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Тәжік, Түркмен республикаларының суретшілерінің шығармашылық конференциясы болып өтті. Конференцияны КСРО КСО Ұйымдастыру комитетінің хатшысы В.Ефанов ашты. Қазақстанның СО ұйымдастырушылық-шығармашылық жұмысының ахуалын Х.Наурызбаев баяндады. Бейнелеу өнерінің туындыларының көрмелері жөнінде қызу пікірталастыру басталып кетті. Сөз таластыруда Қазақстандық суретшілер де сырт қалмады. Атап айтар болсақ, З.Береговая, Л.Леонтьев, А.Черкасскийлер сөз таластырды.
Аймақтық республикааралық іс-шараларды өткізу бойынша бірқатар көрмелердің ұйымдастырылуына қарамастан, соғыстан кейінгі алғашқы он жылдықта Қазақстанның Суретшілер Одағының жұмысы әзер ілбіп жүргізілді. Бұл туралы әңгіме жетістіктерден гөрі, кемшіліктер туралы болған II және III съездердің материалдары куәландырады.
Қазақ КСР Суретшілер Одағының III съезді өзінің жұмысын 1954 жылғы 01 ақпанда сағат 10-да консерватория залында бастады.
1954 жылы республика қауымы Абай Құнанбаевты еске алудың 50 жылдығына арналған мерейтойға дайындалу үстінде еді. Қазақстанның Суретшілер Одағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне жаппай даналары көбейтілетін Абай ақынның кейде мүсінін, Опера театрына арналған кеуде мүсінін, Абайға ескерткіштер орнату және бейнелеу өнері бойынша туындылар сомдауға байқау жариялануы туралы бастама ұсынды. Мерейтойына байланысты Семейде Абайдың мұражайын ашу қажеттілігі туралы мәселе көтерілді. Мәдениет министрлігі КСО оның экспозициясымен танысу үшін суретшінің бөлініп берілуін ұсынды. Семейге В.В.Голубович жіберілді. Ол қайтқаннан кейін 11 тамызда КССО «Семейдегі Абай мұражайы бойынша шығармашылық жұмысқа көркем-идеялық жетекшілік ету» ісін өз мойнына алған Одақ Басқармасының мәжілісі болып өтті. Мұражайды рәсімдеп, көркейту жөніндегі бас суретші және рәсімдеу мен экспозиция жобасының авторы болып В.В.Голубович тағайындалды. Мұнан басқа, мүсіндеу, кестелеу, кескіндеу жұмыстары бойынша құрамы төмендегідей шығармашылық топ ұйымдастырылды: Ә.Қастеев, Г.И.Симкин, В.Фролова, Р.Великанова, К.Баранов, А.Подковыров, Х.наурызбаев, Ю.Дорошев, Н.Соловьев, И.Стадничук, т.б.
Қазақ КСР Суретшілер Одағының IV съезді 1956жылы 27-30 наурызда Түрксіб (Панфилова, 108) клубының кеңсесінде өткізілді.
Мәскеудегі бүкілодақтық көрмелерге Қазақстан суретшілерінің қатысуы дәстүрге айналып кетті. 1956 жылы онда Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Тәжік елдерінің суретшілерінің туындылары көрмеге қойылды. Қазақстаннан 32 адам қатысты, оның ішінде: кескіндемешілер- 19 (30 жұмыс), графикшілер- 9 (20 жұмыс), мүсіншілер -3 (3 жұмыс). Сондай-ақ, 1956 жылы ҚСО салонында Қазақстанның 11 суретшілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Бұл суретшілер 1954-1956 жылдары Қазақ жерінің тың өлкелерінде болып қайтқан ҚКСО мүшелері, олардан үміткерлер, көркем училищені аяқтаған жас суретшілер болды. Ә.қастеев, А.Дячкин, А.Исмаилов, Д.Калачев, Н.Наседкин, В.Никулин, И.Петько, К.Плюхин, А.Пономарев, А.Степанов, Ф.тарховтар негізінен этюдтерден тұратын өздерінің 87 жұмыстарын алып келді.
«Казахстанская правда» беттерінде Абайдың ескерткішіне үздік эскизге жарияланған байқау талқыланды. Бұл талқылауларға мүсіншілер мен суретшілер Я.К.Кучис, З.Береговая, К.Телжанов, П.Усачев, Н.Таңсықбаев, Шишков, К.Плюхин, т.б. бірқатар салмақты ескертулер айтты. Б.Урманченің жұмысы айтарлықтай үлкен қызығушылық тудырды. Х.Наурызбаевтың Абайға арналған ескерткіштің екі нұсқадағы эскиздері жоғары бағаланды. Сонымен бірге, байқауда Оралдан келген Е. Және А.Шилимовтардың, Ю.Дорошевтің эскиздері қатысты. Жалпы пікір бойынша сәулет ансамблімен жеткілікті байланыстың болмауы барлық жұмыстардың ортақ кемшілігі болып белгіленді.
Қазақстанның суретшілері 1957 жылы 28 ақпаннан 07 наурызға дейін болған КСРО суретшілерінің бүкілодақтық I съезіне қатысты. Негізгі күн тәртібі- КСРО СО бірегей Жарғысының қарастырылып, бекітілуі болды. Съездге қатысушылар «съезд Кеңес Одағы суретшілерінің бірегей, көпұлтты ұйымының құрылуы бойынша қыруар жұмысын аяқтады» деп баяндады. Қзақстаннан С.Мамбеев баяндама жасады. КСРО Суретшілер Одағының Басқармасының құрамына қазақстандық суретшілер- Ә.Қастеев, Х.Наурызбаев, С.Мамбеевтер кірді. К.Плюхин КСРО СО Орталық тексеру комиссиясының құрамына сайланды. I бүкілодақтық съездіне қатысу нәтижесінде Қазақстандық суретшілердің түрлі мекемелерде, мектептерде, институттарда съезд делегаттарымен көпеген кездесулер олып өтті, онда олар өздерінің алған әсерлерімен бөлісті.
Кеңес суретшілерінің бірінші бүкілодақтық съездінде қария мүсінші С.Т.Коненков суретшілердің 1918 жылы 14 сәуірде жарияланған Лениннің монументалдық үгіт-насихаттау жоспарымен таныстырылуын, осы күні суретшілер күнін атап өтуді ұсынды. 1957 жылы 14 сәуірде, жексенбі күні Қазақстанның Суретшілер Одағы тұңғыш рет осы мерекені ұйымдастырды. Таңертеңнен Суретшілер үйінің шеберханаларының есігі барлық келемін деушілерге айқара ашылды. Мыңнан астам қонақтар кескіндеме, графика (кесте), мүсіндеу өнерінің жаңа туындыларымен танысты. Суретшілер күнінің мерекеленуі жыл сайын дәстүрге айналып кетті. Бұл іс-шара біртіндеп, сәуір айында жжыл сайын өткізілетін Лениннің монументалдық үгіт-насихаттау жоспарының жариялануына арналған «Бейнелеу өнерінің аптасына» айналып кетті.
1957 жылғы 10-20 маусымда Алма-Атадағы Суретшілер үйінің салонында СО тарихында алғаш рет республика астанасының мүсіншілерінің эскиздері мен ағымдағы жұмыстарының көрмелері ашылды. Бұл көрмеге өздерінің 60-тан астам туындыларын ұсынған 12 мүсінші қатысты. Қатысушылардың арасында- аға буын мүсіншілері- Я.К.Кучис, И.Д.Николишин, З.Береговаялар болды. Қалғандары тұңғыш рет көрмеге туындыларын қоюшы, таяуда ғана өнер оқу орындарынан білім алып шыққан, жастар еді, атап айтсақ: Х.Наурызбаев, Ю.Дорошев, Н.Журавлев, Б.Пенкин, П.Усачев, Г.Фурмандар. Мүсіншілер ұжымы суреттері мен акварельді 16 жұмысын көрсеткен графикші-суретші Р.В.Великанованы қонаққа шақырған.
Соғыстан кейінгі жылдары, 1946 жылдан бастап-ақ Суретшілер Одағының облыстық филиалдардағы жұмыс қарқыны жоғарылай бастады. Ол жергілікті суретшілердің бірқатар көрмелерінің ұйымдастырылуымен дәлелденеді. Алма-Атадағы көрме залында 1957 жыл бойы анағұрлым ірі және халқы көп облыстық филиалдарының суретшілерінің есеп берулері өткізіліп отырды. 24 қаңтардан 14 ақпан аралығында Қарағандының суретшілерінің есеп берулері өткізілді. Онда аталмыш өлкенің жетекші өнер шеберлері В.Крылов, П.Реченский, П.Антоненко, Ю.Гуммель, А.Билык өздерінің жұмыстарын көрсетті. 13 суретші 118 туындыларын алып келіпті. Бірнеше айлардан кейін, 5-15 сәуірде сонда Семей суретшілерінің көрмесі ашылды. Қатысушылардың арасында- Г.Шереметьев, В.Христолюбов, Н.Яковлев (барлығы 7 суретші, 121 жұмыс) бар. 1957 жылғы 14-23 мамырда Өскемен мен Шығыс-Қазақстан облысының суретшілері жеті суретшінің 91 туындыларын ұсынды. Олардың арасында А.Паньшин мен Б.Французовтардың туындылары болды. Есеп беру жылы Қызылордалық төрт суретшінің 149 экспозициясын тамашалаумен аяқталды. Көрме 6-15 тамыз аралығында болып өтті.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1957 жылғы 30 мамырдағы №325 қаулысына сай, Қазақ КСР Мәдениет министрлігіне 1957 жылғы 01 маусымнан 30 қазан аралығында қазақ әуенінің негізін қалаушы Құрманғазының бейнесін кескіндеме, мүсін, графика (кесте) өнерінде сомдауға ашық байқау жарияланды. Байқаудың әділқазылар алқасына: Б.И.Қонысов- төраға, В.В.Шевелев- төрағаның орынбасары, мүшелер- А.К.Жұбанов, А.К.Доспанова, С.Мамбеев, И.Х.Кучистер кірді. Үш тур өткізілді. Әділқазылар алқасы келіп түскен кескіндеу, мүсін, кестелеу туындыларын қарап шығып, Құрманғазының портрет-суретін сомдаған – М.Кенбаевты бірінші сыйақымен марапаттау туралы шешім қабылдады. Екінші орын ешкімге берілмеді. Марапаттау сыйлықтарына: графикалық портреті үшін- Исмаилов Әубәкір, Данилов Петрлер лайық деп табылды. Сонан басқа, Х.Наурызбаевтың «Ардагер» жұмысы және М.Кенбаевтың «Жер» туындысы көркем галереяға сатылып алынды. Байқау аяқталғаннан кейін Суретшілер Үйінде қазақ халық композиторы Құрманғазының бейнесін сомдауға арналған жиырмадан астам мүсіндік, көркем жұмыстардың көрмесі болып өтті.
1958 жыл- Қазақстанның әдебиеті мен өнері декадасының Мәскеуде өткізілген жылы, ҚКСО 25 жылдығы мен ҚКСО V съездін өткізуге даярлық жылы.
1956 жылдың өзінде-ақ Қазақстан өнерінің тарихындағы елеулі оқиғалар басталып кетеді- Мәскеудегі Қазақ КСР әдебиеті мен өнері декадасы, бұл 1936 жылдан кейінгі жиырма екі жылдан кейін болып отырған Екінші Декадасы. Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің декадасын Мәскеуде өткізу ҚКСО I съездінен кейін 1941 жылы өткізу жоспарланған болатын. Бірақ, сұм соғыстың кесірінен бұл оқиғаның іске асырылуы мүмкін болмай қалған еді.
1956 жылғы 10 сәуірдегі Басқарманың мәжілісінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің болашақ жұмыстарына арналған тақырыптарының көрсетілуімен, суретшілердің аты-жөндері мен тектерінің көрсетіліп, болайын деп отырған Декаданың көрмесіне туындылар сомдауға бөлінетін сметаны толтыру туралы әңгіме қозғалды. 1957 жылғы қазан айының соңында С.Мамбеев Қазақстанның Орталық Комитеті Пленумына қатысты. Онда декаданы өткізуге байланысты сұрақтар қарастырылды. ҚКП ОК бірінші хатшысы Д.Қонаев Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Суретшілер Одағының жақсы даярлығын атап өтті. Декадаға қалыптастырылған көрмені алдымен республикада, Кеңес билігінің 40 жылдығына қарай көрсету туралы шешім қабылданды.
1958 жылғы 19-20 қыркүйекте Алма-Атада КСРО СО Басқармасы Хатшылығының мәжілістерінде Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан республикаларының суретшілерінің Мәскеудегі болайын деп отырған әдебиет пен өнер декадасына дайындығы туралы мәселелер талқыланды. Мәжілісте аталған одақтас республикалардың шығармашылық ұжымдарының өкілдері қатысты. Қазақстаннан хатшылықтың мәжілісіне Қазақ КСР мәдениет министрі А.Қанапин, З.Береговая, Р.Великанова, Ю.Гуммель, Ә.Қастеев, О.Кужеленко, И.Кучис, С.Мамбеев, Н.Нұрмұхамедов, Х.Наурызбаев, Л.Плахотная, К.Плюхин, С.Романов, М.Рахымов, П.Реченский, Г.Сарықұлова, Е.Сидоркин, Н.Таңсықбаев, К.Телжанов, В.Ткаченко, А.Черкасский, А.Чернощеков. Ж.Шарденовтар қатысты. Шеберханаларды араласудан басқа, мәжіліске қатысушылар көркем галереядағы декадалық көрмеге арналып жиналған Қазақстанның көптеген өнер туындыларымен танысып шықты. Қазақстанның Суретшілер Одағынан Декадаға даярлық туралы баяндамасымен С.Мамбеев сөз алды.
Осы өткізілейін деп отырған оқиғаларға байланысты, бірнеше байқауларды өткізу жарияланды. Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Мәдениет Министрлігі Қазақстанның Суретшілер Одағымен бірлесіп, монументалдық кілем-гобелен тоқуға ашық байқау жариялады. Үздік эскизді Мәдениет министрлігі сатып алып, Декадаға қатысу үшін түпнұсқада орындалуына жіберілетінін, ал, сыйақыға лайықты деп табылған қалғандарының өндіріске жіберіледі деп пайымдалды. Байқауды ойдағыдай деңгейде өткізіп, оған барынша көптеген суретшілерді, тіпті бұл жанрда жұмыс істемейтін суретшілерді де тарту мақсатында суретшілерді гобелен тоқу өнерінің ерекшеліктерімен таныстырып, үйрету көзделді. Е.А.Говорова, Я.К.Кучис, В.В.Теляковскийлерге осы тақырыпқа жұмыс істеуді қалайтын суретшілермен әдістеме өткізу, сұхбаттасу міндеті тапсырылды. Байқаудың қорытындысы бойынша сыйақымен М.Кенбаев, Н.Александров, К.Телжанов, С.Суховтар марапатталды.
Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1958 жылғы 08 тамыздағы бұйрығымен Декаданың кітап көрмесіне арналған плакаттарды даярлау бойынша байқау жарияланды. Әділқазы құрамы: төраға- Тойғанбаев, мүшелері- Баранов, Жиреншин, Н.С.Гаев, С.Мамбеев, Р.Сахилерден тұрды.
Осы жылы декадаға қатысы жоқ тағы бір екі байқау болып өтті. 1958 жылғы 23 қазанда Алма-Ата киностудиясының кеңсесінде киностудияның маркасын жасауға байқау өткізу бойынша суретшілердің мәжілісі болды. Суретшілер Одағынан 15 адам қатысты.
Мәдениет министрлігі мен Сәулетшілер Одағы даңқты зерттеуші, ғалым, географ Шоқан Уәлихановтың ескерткішін салуға байқау жариялады.
1958 жылғы 13 желтоқсандығы Мәскеудегі Көркем Академиясының залында Қазақстанның суретшілерінің туындыларының декадалық көрмесі ашылды. Кіріспе сөз Қазақ КСР Мәдениет министрі А.Қанапинге берілді. Сол күні Мәскеудің Суретшілер Одағының көрмелік залында халық-қолданбалы өнерінің көрмесі ашылды. Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасаы Д.Исмағұлов, КСРО СО Басқарма хатшысы- А.Б. Салтыков, Кеңес Социалистік Республикалар Одағының Мәдениет министрлігі алқасының мүшесі А.К.Лебедевтер баяндама жасады.
1958 жылғы 18 желтоқсанда Көркем Академияда декадалық көрмелердің талқылаулары болды, ҚКСО қызметіне баға берілудегі аса маңызды сәт еді. Баяндама жасағандар: С.Мамбеев, Ә.Марғұлан, Серебряный, Е.Ф.Белашова, Д.Я.Сыркин, Д.А.Дубинский, А.Б.Салтыков, Б.Веймарн, И.Стадничук, А.Исмаилов, Б.Нұрмұхамедов, С.Герасимов, Ә.Қастеевтер.
Декадалық көрменің талқылауларын аша отырып, С.Мамбеев республиканың бейнелеу өнерінің ахуалына сипаттама беріп кетті. Ол қазақ бейнелеу тарихынан бастау алатын: «Мәскеулік қатаң көрмермендердің алдында қазақ бейнелеу өнерімізді тұңғыш талқыға сала отырып, біз Қазақстан бейнелеу өнерінің тарихи болашағын көрсеткіміз келді, декада көрмесін Кеңесбилігінің қырық жыл ғұмырында Қазақстан жерінде станокты өнердің қалайша дамығанын көрермендерге айқын сипатталатындай етіп ұйымдастыруға тырыстық...
30-40-шы жылдары Қазақстан суретшілері ұжымының өркендеп-дамуына атсалысқан ұлттық кадрларымызды саусақпен санарлық. Бұл күш жинаған кезіміз еді, бұл жас келер ұрпақтың өнерге баулынып, білім алып, талғамын тереңдетіп, шеберлігін шыңдаған кезі еді. Осы кезде өзінің шығармашылық өмірін Қазақстанмен байланыстырған, республикамыздың өнерінің дамуына айтарлықтай маңызды болған орыс суретшілерінің негізгі өзегі қалыптасты. 50-ші жылдары арамызға орталық жоғары көркем оқу орындарында білім алған жастар шыға бастады, 5-8 жыл ішінде ұжымның кескін-келбеті тағы да күрт өзгеріп шыға келді. Бұл жас, серпінді өнер иелерінің асқақ та, ауыр, ортақ мақсаты -Қазақстанның бейнелеу өнерін биіктету. Қазір біз өнердің барлық жанрларын, барлық түрлерін көрсете аламыз...
Соңғы жылдары біздің тұңғыш ұлттық мүсіншілеріміз дүниеге келді» деп қазақ өнер иелерін бір рухтандырып тастады. Сондай-ақ, кесте өнеріне де жас қуат көзінің келіп қосылып жатқандығы, Алма-Ата киностудиясының театралдық өнер және суретшілерінің кішігірім бөлімінің ашылғандығы айтылып кетті. С.Мамбеевтің сөйлеген өзінде осы көрменің басты қорытындысы- бейнелеу өнерінің кәсіби мектебінің құрылуы да назардан тыс қалмады: «Қазақ кескіндеу өнерінің ұлттық мектебі құрылып, оның ресми сипаттары анықталып қойды деп батыл айтуға әлі ерте. Бірақ, халықтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне негізделген, өзге ұлттық мектептердің отауында жаңа ұлттық мектеп құруға деген салауатты ұмтылушылық қазірдің өзінде байқалатын сияқты» деді.
Қазақстан Ғылым Академиясының шын мәніндегі мүшесі Ә.Марғұланның баяндамасы Қазақстанның қолданбалы халық өнеріне арналды және мәжіліске қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Мәскеу суретшісі Е.Ф.Белашева мүсіннің таратылыпы, бағалануына мән берді: «Қазақстанның бүкіл өнері іспетті балғын мүсін өнері біздің көз алдымызда өрістеп, өркендеп келеді. Ол өте тірі, маңызды сипатта дамып, өріс алып келеді» депті. Баяндамашы көрмеге 11қатысушылардың туындыларына, атап айтар болсақ: Х.Наурызбаеваның, А.Пономаревтың, Н.Журавлевтың (5 жұмыс), П.Усачевтің (2 жұмыс), А.Исаевтың, Б.Урманченің, З.Береговаяныі, жас Б.Төлековтың, Я.Кучистің, И.Иткиндтің жұмыстарына кәсіби талдаулар жасады.
Д.А.Дубинский қазақстанның графика өнерінен өзінің алған әсерімен бөлісті: «Графика орындалу мәнері мен жанрлары жағынан сантүрлі сала. Ол материалдары жағынан да санқилы. Акварель, офорт, линогравюра (қара және түрлі-түсті), литография, монотипия, қара акварель, гуашь, қарындаш, көмір, сурет салатын, кесетін, бояйтынның барлығын Қазақстандық кестешілер қолдануда десе де болады. Бұл, әрине жақсы». Баяндамашы Ә.Қастеевтің, А.Исмаиловтың, А.Ф.Подковыровтың, Р.Великанованың, А.М.Беловтың, Х.Рахымовтың, А.Дячкиннің, В.Антощенконың, Е.Сидоркиннің, Г.А.Брыловтың, С.Кукурузаның, Сахи Романовтың, К.Барановтың, Ю.Мингазитиновтың туындыларын атап кетті. Ол аталмыш суретшілердің кемшіліктеріне де назар аударды: «Маңызды екі бөлім- плакат пен сатираның жоқтығы көзге ұрып тұр. Сатираның жоқтығы мүлдем түсініксіз, Қазақстанның өзінің сатиралық журналы бар, онда суретші-сатириктер жұмыс істейді емес пе? Бізді олармен таныстырмағаны тым өкінішті-ақ».
Өнертанушы Б.Веймарн айтарлықтай әсерлі сөйледі: «Шынымды айсам, мен мұндай үлкен көрме болады деп ойламадым. Әңгіме заттардың санында ғана емес, көрменің көлемінде ғана емес, ең бастысы оның сапасында, оның басты бағыт-бағдарында. Көрме Қазақстан суретшілерінің ұжымының социалистік реализм бағытында нық тұрып, осы жолмен айнымастан келе жатқанын көрсетті. Олар өзара ынтымақты, болашаққа батыл, асқан сенімділікпен қарайды. Бұл осы көрмеден алатын алғашқы аса жағымды әсерге бөлейді».
Қазақстанның өнеріне жоғары баға берілгенін Д.Я.Сыркиннің баяндамасынан да көруге болады: «Қазақ республикасындағы театралдық суретшілердің саны айтарлықтай жеңіл болғанымен, театралдық-декорациялық өнердің салмағы айтарлықтай ауыр... Қазақ КСР театралдық суретшілердің туындыларын тамашалағанда бірден көзге түсетіні не? Жұмыстардың жалпы жоғары кәсіби деңгейі, театралдық эскиздердің сұлулығы мен мәдениеті. Жақында ғана дүниеге келген, қазақ театралдық-декорациялық өнердің қарқынды екпіні көзге түседі. Осы – Урманче, Сулимов, Теляковский, Ержанов, т.б. сынды көрмеде тартымды және түрлі көркем дара тұлғалармен кездескенімізге аса қауаныштымыз. Мұнда көркем рәсімдеудің түрлі қағидалары мен әдіс-тәсілдері берілген».
Жалпы Қазақстанның Мәскеудегі әдебиеті мен өнерінің Декадасы ойдағыдай деңгейде өтті, мамандар оған аса жоғары баға берді. Қазақстанның суретшілерін бір серпілтіп тастады. Бұл жайында өнертанушы Г.Сарықұлова: «Арнайы жоғары көркем білім алған суретшілер негізінен республикаға 1950-шы жылдардан бастап келе бастады.
Қазақстанның Мәскеудегі әдебиеті мен өнерінің Декадасында олар өздерін жарқыратып көрсете алды. Біз туралы айта бастады. Біз ешкімнен де кем емеспіз. Дегенмен, мен осыған дейін сомдалған жұмыстардың сапасын төмендетуден, оларды ұмыт қалдырып, менсінбей қалудан аулақпын, әрине. Ол жекелеген жұыстар мен жекелеген суретшілердің заманы еді.
1958 жылы республиканың суретшілері ынтымақты, ауызбіршілікпен еңбектенді. Олардың маңызы әрқайсысының даралығында, әрқайсысының өз дауысының болуы, ал олардың барлығы біріккенде үлкен бағдарламалық симфониялық туындыға айналып кетті». Осындай көңіл-күймен суретшілер Қазақстанның суретшілерінің V съезіне келіп қалды.
Бастапқыда съезді 1958 жылғы қазан айының басында өткізу жоспарланды. Бірақ, оның белгіленген күні декада өткізілуіне байланысты үнемі кейінге ысырылып келіп, осы маңызды оқиғаны келесі 1959 жылға белгілеу туралы шешім қабылданды.
Қазақстан суретшілерінің V съезі 1959 жылы 15-16 сәуірде Ғылым Академиясының кіші залында (Шевченко көшесі, Красин көшесінің бұрышында) өткізілді. Съезге даярлық Мәскеудегі Декадада айтылған сын ескертпелерді ескерумен іске асырылды. Съездің материалдары бірінші рет баспасөз беттерінде кең ауқымда жарияланды десе де болады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамның тарапынан мұндай резонанс Мәскеудегі Декаданың табысты өтуімен түсіндіріледі. Газеттер съездің өткізілетіні туралы ақпараттарды пәрменді түрде таратып, баспа беттерінде ұдайы шығарып отырды, оның жұмысы туралы егжей-тегжейлі есеп берулерін жариялады, сөз алғандардың баяндамаларын, оның ішінде С.Мәмбеевтің сөйлеген сөзін бастан-аяқ толығымен басып шығарды. 12 сәуірде съезд алды көрме ашылды -310 жұмысты көрермендердің назарына ұсынумен. Егер 1950 жылдары Қазақстанның Суретшілер Одағында бар болғаны 46 адам болған болса, енді 1959 жылы олардың саны жүзден (100) асып жығылды.